Мұнайлыда полицейлер мүмкіндігі шектеулі қарияның құжатын үйінде рәсімдеді
Маңғыстау облысында көші-қон қызметінің инспекторлары мүмкіндігі шектеулі қарияға үйінен шықпай-ақ мемлекеттік қызмет алуға көмектесті, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Заңсыз-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобы тұрғындарға құжат рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сол кезде тәртіп сақшылары жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен 69 жастағы І топтағы мүгедектігі бар қарияны анықтаған.
Денсаулық жағдайына байланысты халыққа қызмет көрсету орталығына өздігінен бара алмайтын азаматқа полицейлер тұрғылықты мекенжайына барып қызмет көрсеткен. Инспекторлар қарияны суретке түсіріп, жеке куәлігін жаңартуға қажетті құжаттарды сол жерде қабылдап алған.
Көші-қон қызметінің мамандары жаңа құжатты рәсімдеу процесін толық ұйымдастырып, азаматқа жан-жақты көмек көрсетті. Мұндай жұмыстар халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін жасалып жатыр, - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Ведомство алдағы уақытта да тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.