Otpan News Logo

Трассада жанармайы таусылған отбасыға маңғыстаулық полицейлер көмектесті

Трассада жанармайы таусылған отбасыға маңғыстаулық полицейлер көмектесті

Маңғыстау облысында патрульдік полиция қызметкерлері жолда қалған отбасыға көмек көрсетіп, тұрғындардың алғысына ие болды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Оқиға Бейнеу–Ақтау бағытындағы тасжолда болған. Мәскеуден Ақтауға демалысқа келе жатқан жүргізуші үш кәмелетке толмаған баласымен бірге жолда келе жатып, көлігінің жанармайы таусылып қалғанын айтқан. Оның сөзінше, жақын маңдағы жанармай құю бекетіне жетеміз деп ойлағанымен, трасса бойынан бекет табылмаған.


Сол сәтте қызметтік міндетін атқарып жүрген Kia маркалы патрульдік автокөлігі тоқтап, жүргізушіге жол қауіпсіздігі талаптарын түсіндірген. Кейін отбасы полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.


Тәртіп сақшылары жақын маңда жанармай бекеті жоқ екенін айтып, біраз күте тұруды өтінген. Артынша өздері жанармай жеткізіп, көлікті қайта жүргізуге көмектескен.


«Шынымды айтсам, кішкентай балаларыммен бірге трасса ортасында қалып қоямын ба деп қатты алаңдадым. Сондықтан полиция қызметкерлерінің көмегі мен жанашырлығы біз үшін үлкен қолдау болды. Үйден жырақта жүріп, осындай адамгершілік пен қамқорлықты көру өте қуантты. Олардың жедел әрекетінің арқасында Ақтауға аман-есен жеттік», – деді жүргізуші.


Жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, олардың еңбегіне табыс пен амандық тіледі.

61
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!