Ақтаудағы жағалауда Халықаралық йога күні атап өтіледі
21 маусым күні 15-шағын аудандағы амфитеатрда Халықаралық йога күні өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бүкіл Қазақстан бойынша салауатты өмір салтын ұстанушылардың басын қосып келе жатқанына 11 жылдан асқан ауқымды шара таңғы сағат 07:00-де басталады. Қатысушыларды теңіз жағасында, таза ауада йогамен айналысу, көтеріңкі көңіл-күй мен жағымды сыйлықтар күтеді.
Бағдарламада барлық жастағы және дайындық деңгейіндегі адамдарға арналған жаттығулар қарастырылған. Сонымен қатар 6 жастан асқан балалар үшін кәсіби нұсқаушының жетекшілігімен арнайы бағдарлама ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар өзіңізбен бірге йогаға арналған төсеніш (коврик), ыңғайлы киім, су, күннен қорғайтын бас киім және көтеріңкі көңіл-күй ала келуді ұсынады.
Шара Үндістанның Қазақстандағы Елшілігінің, Үндістанның мәдени байланыстар жөніндегі кеңесінің (ICCR) және Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізілуде.
· Күні: 21 маусым
· Уақыты: 07:00
· Орны: Амфитеатр, 15-шағын аудан, Ақтау қаласы
Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын таңды белсенді, денсаулыққа пайдалы және пікірлестер ортасында өткізуге шақырады.