Otpan News Logo

Kids Go Free бағдарламасы аясында жүзден астам қазақстандық бала тегін әуе билетін пайдаланды

|
10.06.2026 10:19
Kids Go Free бағдарламасы аясында жүзден астам қазақстандық бала тегін әуе билетін пайдаланды
Ашық дереккөзден

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Kids Go Free бағдарламасы аясында жүзден астам бала тегін әуе билетін пайдаланды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп жазады otpannews.kz.  


Министрдің айтуынша, бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаржы толық көлемде бөлінген және қазіргі уақытта жоба толыққанды жұмыс істеп тұр.


«Бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатқан туристік операторлар пулы бар. Бүгінгі күні жүзден астам бала аталған қызметті пайдаланды. Бағдарламаны одан әрі дамыту мен кеңейтуге мүмкіндік бар», – деді министр Үкіметтегі брифинг барысында.


Оның айтуынша, бағдарлама ішкі туризмді дамытуға бағытталған. Туроператорлар қазақстандықтардың арасында сұранысқа ие Алакөл мен Бурабай сияқты курорттық аймақтарға саяхаттар ұсынады.


Естеріңізге сала кетсек, Kids Go Free бағдарламасы Қазақстан аумағында ата-анасымен немесе кәмелетке толған туыстарымен бірге саяхаттайтын 2 мен 17 жас аралығындағы балаларға арналған.


Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында Қазақстанда 0-17 жас аралығындағы 6,9 миллион бала тұрады. Бұл ел халқының жалпы санының 33,6 пайызын құрайды.


Бағдарлама бойынша тегін әуе билеті аккредиттелген туроператор арқылы рәсімделген туристік пакет құрамында беріледі. Алдымен баланың ұшу құнын туроператор төлейді, кейін бұл шығындарды мемлекет өтейді.

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!