Otpan News Logo

Маңғыстаулық мұғалімдер Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өту жолдамасын жеңіп алды

|
09.06.2026 10:48
Маңғыстаулық мұғалімдер Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өту жолдамасын жеңіп алды

Маңғыстау облысының педагогтері республикалық деңгейдегі байқауда үздіктер қатарынан көрініп, халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Білім басқармасының мәліметінше, енді Ақтау қаласындағы №27 Өмірзақ жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Эльмира Бекпенова мен Қарақия ауданындағы №11 жалпы білім беретін мектептің ұстазы Айымгүл Сүлейменова Оңтүстік Кореяда бір апталық тағылымдамадан өтеді.


Мұғалімдер бұл жетістікке «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты мен «Daryn Ustaz» орталығы бірлесіп жүзеге асырған «Ustazga AI» жобасы аясында өткен «Мұғалім AMANAT» республикалық байқауының қорытындысы бойынша қол жеткізді.


Жоба педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту және жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде тиімді пайдалану бағытында өткен. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 3 442 педагог қатысып, өз жобаларын ұсынды.


Сарапшылар ең үздік 400 жұмысты іріктеп алып, олардың авторлары Астана қаласында өткен қорытынды педагогикалық хакатонға қатысты. Нәтижесінде үздік деп танылған 20 мұғалім «Daryn Ustaz» орталығының қолдауымен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.


Білім басқармасы үздік жиырмалықтың қатарынан орын алған маңғыстаулық ұстаздар өңірдің білім саласындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді деп атап өтті.

67
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!