Тәжік-Ауған қақтығысы: Ақтауда шекара қорғаушыларына арналған жиын өтті
Бүгін қазақ сарбаздарының тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толды. Осыған орай «Сардар» Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қасиетті шекара қорғаушыларына арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жыл сайын өткізілетін іс-шараның мақсаты – ел тыныштығы жолында қызмет еткен жауынгерлердің ерлігін ұрпаққа насихаттау. Жиын мемлекеттік Әнұранды шырқаумен басталды. Кейін әскери сарбаздар мен қызметкерлер, ардагерлер мен жастар батыр сарбаздардың ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды.
“Бүгін тәжік-ауған шекарасынан шыққанымызға 25 жыл толып отыр. Осыған орай Отан алдындағы борышын ақтық демі қалғанша атқарған сарбаздарды еске алу мақсатында ескерткіш алдына жиналып отырмыз. Шекараны көз ілмей күзету – біздің басты мақсатымыз болды. Осы жолда көптеген сарбаз қыршын кетті. Олардың құрметіне ардагерлер мен әскери қызметкерлер арасында волейболдан спорттық іс-шара және пневматикалық мылтықтан оқ ату жарысы өтті”,- деді Маңғыстау облысы бойынша тәжік-ауған ардагерлері “Сардар” ҚБ төрағасы Асхат Абдуллин.
Бұл күн тек өткенді еске алу ғана емес, ел алдындағы қызметін абыроймен аткарған азаматтарга көрсетілген құрметтің белгісі. Қиын жағдайда табандылық танытып, тәртіп пен антқа адалдық танытқан сарбаздардың есімі ел есінде мәңгі қалмақ.