Түпқарағандық ұстаздар референдумға барады
Коалиция мүшелері Түпқараған ауданының «Есбол Өмірбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі» педагогтарымен кездесіп, алдағы референдумның маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Нури Тумышев, Пания Сармурзина, Айнагүл Байбатырова, Жанна Джартыкова, Қайрат Таңғұл, Нұркен Сазанов білім саласының қызметкерлерімен жүздесті. Жиында мұғалімдердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы, педагог мәртебесіне қатысты нормалар, сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар білім беру саласындағы реформалардың сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға және ұстаздардың кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
Коалиция мүшесі Жанна Джартыкованың айтуынша, педагогтердің кәсіби қызметіне негізсіз араласуға жол бермеу, олардың абыройы мен беделін арттыру – конституциялық деңгейде айқындалған басым бағыттардың бірі. Бұл ұстаным мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесін нығайтып, білім беру жүйесінің сапасын көтеруге ықпал етеді.
Тәуелсіздіктің 35 жыл қарсаңына елімізде үлкен өзгерістер болғалы тұр. Оның бірі 15 наурыз өтетін референдум. Ол болашақтын талабы және болашаққа нық қадам басу үшін өз үлесімізді қосуымыз керек. Өзгеріс болмай ел дамуы бәсеңдейді. Ұжым қызметкерлері жаңа Конституциямен 12 ақпаннан бері таныс, - дейді мектеп директоры Жанар Әбишова.