Батыс Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіріледі
ҚР Энергетика министрлігі елдің энергетикалық тәуелсіздігін ұзақ мерзімге қамтамасыз ету мақсатында энергия жүйесін жаңғырту және жаңа генерация қуаттарын іске қосу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Ұлттық электр желісінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін KEGOC бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалар жаңа қуат көздерін енгізу жөніндегі ауқымды жоспарлармен үйлестірілген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Негізгі бағыттардың бірі — Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) біріктіру. Жоба аясында батыс аймақты республика аумағы арқылы БЭЖ-дің негізгі бөлігімен қосу қарастырылған. Бұл батыс өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, солтүстік және оңтүстік аймақтар арасындағы қуат теңгерімсіздігін өтеу үшін маневрлік генерацияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба шеңберінде кернеуі 500 кВ болатын, ұзындығы 600 шақырымнан асатын электр жеткізу желісін салу жоспарланған. Жобаны аяқтау мерзімі 2027 жылдың желтоқсанына белгіленген.
Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін 6,6 мың шақырым жаңа электр желілерін салу және 10,5 мың шақырым қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту көзделіп отыр.
Барлық жобалар жоғары кернеулі желілер арқылы энергия жүйесін толық сақиналау (закольцевание) жұмысын аяқтауға бағытталған. Нәтижесінде Ұлттық электр желісінің мақсатты топологиясы қалыптасады. Бұл, генерация көздерін дамыту жұмыстарымен қатар, елдің толық энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрақты экономикалық өсімге берік негіз қалайды.