Елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттері ашылады
Еліміз бойынша зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттері ашылады. Бұл кабинеттерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, балаға қолайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамадан өтуге және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізуге дейінгі барлық қажетті қызмет бір жерде көрсетіледі. Бұл баланың ұйымдарға бару қажеттілігін болдырмай, психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді.
Жаңашылдық былтыр 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Жақын арада кабинеттердің қызмет қағидалары бекітіліп, содан кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленді. Құжат осындай балаларды анықтау тәртібін, оларға көмек көрсету тетіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін айқындайды. Бұл ведомствоаралық жедел әрекет етуге және балаларға уақтылы кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.