Қоғамдық кеңестер мен азаматтық институттардың рөлі күшейе ме?
Қоғам дамыған сайын билік пен бұқара арасындағы қарым-қатынас та жаңа мазмұнға ие болады. Соңғы жылдары Қазақстан қоғамында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы жиі айтылып келеді. Бұл ұстаным тек саяси ұран емес, басқару мәдениетін трансформациялауға бағытталған жүйелі қадам ретінде қарастырылуда.
Қоғамдық кеңестердің басты миссиясы – мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесіне азаматтық қоғам өкілдерін тарту. Соңғы жылдары қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігі заңнамалық тұрғыда кеңейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарларды талқылауға қатысу, бюджеттік шығындарға қоғамдық мониторинг жүргізу, әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша сараптамалық қорытынды беру – мұның барлығы кеңестердің нақты ықпал тетіктеріне айналып отыр. Бұл – азаматтық бақылау институтының біртіндеп институционалдық сипат алып келе жатқанын көрсетеді.
Азаматтық қоғам институттарына үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы, кәсіби бірлестіктер, медиа құрылымдар және бастамашыл топтар жатады. Соңғы жылдары Қазақстанда ҮЕҰ санының өсуі, әлеуметтік жобалардың артуы – қоғам белсенділігінің индикаторы.
Бүгінде Қазақстанда саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Парламенттің рөлін арттыру, партиялық жүйені либерализациялау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – бұлардың барлығы азаматтық институттардың белсенділігіне тікелей байланысты.
Өңірлік деңгейде азаматтық бастамалардың күшеюі ерекше маңызға ие. Мысалы, батыс өңірлерінде қоғамдық тыңдаулар, әлеуметтік жобалар, жастар бастамалары арқылы жергілікті мәселелерді талқылау мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл – демократиялық тәжірибенің жергілікті деңгейде тамыр жаюының белгісі.
Қоғамдық кеңестер мен азаматтық институттардың рөлі артады. Өйткені қоғам сұранысы өзгерді, басқару философиясы жаңарды, ал мемлекеттік саясат ашықтық пен серіктестік қағидатына бет бұрды.
Алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдум – осы үдерістің нақты көрінісі әрі маңызды белесі. Референдум – тек саяси науқан емес, азаматтардың тікелей шешім қабылдау құқығын жүзеге асыратын конституциялық тетік. Бұл күн қоғамдық институттардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы ықпалын нақтылай түседі.