"Мөлдір бұлақ" акциясы: "Тамшалы" шатқалында сенбілік өтті
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті "Мөлдір бұлақ" акциясы аясында Тамшалыда сенбілік өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аталған іс-шара дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған.
Форт-Шевченко қаласынан 35 шақырымның шығыс бағытында орналасқан "Тамшалы" шатқалы Маңғыстау түбегіндегі ең көрікті жерлердің бірі. Табиғат сақшылары айналаны тазалап, қоқысты жинап, қоршаған ортаны сақтауда үлес қосты.
Сенбілікке облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова, Түпқараған ауданының әкімдігі, қоғам белсенділері және басқа табиғат жанашырларына бүгінгі тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан.
«Табиғат ананы ластамай, керісінше қамқорлық жасау - ең алдымен әр адамның өзінен басталуы тиіс. Әрқайсысымыз бүгіннен бастап ойлануымыз керек, келешек ұрпаққа табиғатты әдемі күйінде аманат етіп қалдыру, мына бізге артылған міндет. Сенбіліктің нәтижесінде аумақ толықтай қоқыс қалдықтардан тазартылды. "Тамшалы" - туризм мен демалыстың ғажайып орындарының бірі екенін ұмытпайық», - деді департамент басшысы Армат Жүсіпқалиев.
Айта кету керек, киелі түбекте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әр сенбі сайын көшелер мен қоғамдық орындарда тазарту жұмыстары жүргізіліп, арнайы техникалар жұмылдырылып келеді.
«Әсем табиғат аясын күл-қоқыстан тазарту үшін еріктілер көптеп тартылуда. Маңғыстауда визит картасы саналатын көрікті жерлер көп, оларды таза ұстай білсек, табиғи ортаға оң әсер етуге мүмкіндік жасаймыз. Сонда ғана экологиялық мәдениетті арта түсері сөзсіз”, - деді сенбілікті ұйымдастырушылар.