Otpan News Logo

ІІМ интернетте балаларға бағытталған қауіпті схема туралы ескертті

ІІМ интернетте балаларға бағытталған қауіпті схема туралы ескертті
ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен кәмелетке толмағандарға онлайн-грумингтің қаупі туралы ескертеді. Бұл - қаскөйлердің интернет арқылы балалармен сенімді қарым-қатынас орнату үшін қолданатын қауіпті схемасы, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.


Мамандардың айтуынша, әдетте бәрі әлеуметтік желі, арнайы мессенджер, онлайн-ойындардағы немесе танымал интернет-платформалардағы қарапайым таныстықтан басталады.


Қаскөй кәмелетке толмаған баланың сеніміне кіру үшін өзін жасөспірім ретінде таныстыруы мүмкін. Уақыт өте келе ол бала үшін жақын досқа айналады. Күн сайын байланыста болып, ерекше назар аударады, жеке өміріне, проблемасына қызығушылық танытады.


Сәлден соң ол жеке сұрақтар қоя бастайды: күн тәртібін, тұрғылықты жерін, араласатын ортасын және басқа де ақпараттарды анықтайды. Келесі кезең - фотосуреттер мен видеожазбалар жіберуді сұрау немесе одан да жеке тақырыптарда сөйлесуге көшу.


Бұл ретте қаскөй баланы мұндай әңгімелердің қалыпты жағдай екеніне сендіріп, хат алмасу туралы ешкімге айтпауды өтінуі немесе психологиялық қысым көрсетуі мүмкін.


Онлайн-грумер - бұл баланың сеніміне кіріп, кейіннен оған зиян келтіру үшін интернет арқылы кәмелетке толмағандармен әдейі байланысқа түсетін ересек адам екенін ІІМ еске салады.


Онлайн-грумингтен қалай қорғануға болады:

• Интернетте бейтаныс адамдармен сөйлеспеу;

• Жеке мәліметтерді, тұрғылықты мекенжайды, телефон нөмірін, оқу орнын және басқа да құпия ақпараттарды айтпау;

• Бейтаныс қолданушыларға фотосуреттер мен видеожазбалар жібермеу;

• Егер сұхбаттасушы интимдік сипаттағы сұрақтар қойса немесе хат алмасуды жасырын ұстауды сұраса, сөйлесуді дереу тоқтату;

• Күдікті аккаунттарды бұғаттау (блокқа қою);

• Желідегі кез келген күдікті байланыстар туралы ата-анаға дереу айту.


ІІМ ата-аналарды балалармен интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық ережелерін жүйелі түрде талқылап отыруға және олардың желідегі белсенділігінің өзгеруіне назар аударуға шақырады.

69
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!