Otpan News Logo

Тең дауыс беру: Ақтауда мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға барлық жағдай жасалған

|
15.03.2026 11:59
Тең дауыс беру: Ақтауда мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға барлық жағдай жасалған

Бүгін, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум басталды. Таңғы сағат 7:00-де ел бойынша барлық дауыс беру учаскесі ашылды. Жексенбі күні болғанына қарамастан Маңғыстау тұрғындары учаскелерге белсенді түрде келіп жатыр. Ақтау қаласындағы №28 мектепте орналасқан №52 сайлау учаскесіне алғашқы сайлаушылар ашылғаннан кейін бірден келді. Учаскелерде ерекше қажеттілігі бар адамдарға ыңғайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген, деп хабарлайды otpannews.kz.


Барлық учаскеде пандустар, көзі нашар көретін адамдарға арналған арнайы белгілер орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы бұрыштар дайындалған. Онда компьютерлер, үлкейткіш құралдар, қосымша жарық және Брайль қарпі бар бюллетень трафареттері бар. Сондай-ақ Конституция жобасының қазақ және орыс тіліндегі аудио нұсқасы дайындалған. Қажет болған жағдайда комиссия мүшелері мен еріктілер көмектеседі. Егде жастағы адамдарға да ыңғайлы болуы үшін арнайы орындар қарастырылған.


– Дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталды. Қазір сайлаушылар келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалған. Арнайы бұрышта дауыс беруге арналған трафареттер, құлаққаптар және аудио жүйесі бар компьютер қойылған. Біз әр адамның тыныш әрі ыңғайлы жағдайда дауыс беруіне жағдай жасауға тырыстық. Қажет болса, егде жастағы адамдарды алып жүреміз, – деді №52 учаскенің төрайымы Анар Еңсегенова.


Референдум – елдің болашағына қатысты маңызды оқиға. Тұрғындардың айтуынша, дауыс беру – әр азаматтың құқығы ғана емес, ел болашағына деген жауапкершілік.


Учаскеге келгендердің бірі – қала тұрғыны Разила Тазабекова. Ол көп жыл мұнай саласында жұмыс істеп, өңірдің дамуына үлес қосқан. Оның айтуынша, референдумға қатысу – әр азаматтың міндеті.


– Мен референдумға қатысып, дауыс бердім. Бұл Қазақстанның әр азаматы үшін маңызды деп ойлаймын. Елдің болашағын ойлауымыз керек. Ең бастысы – елде тыныштық пен бірлік болсын. Қазақстан әрдайым бейбіт ел болып, халық татулықта өмір сүрсін. Біз тек алға жүруіміз керек, – деді қала тұрғыны Разила Тазабекова.
12
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!