Каспийдің үстінен келген дауыс
Маңғыстауда референдум күні әдеттегіден өзгеше бір көрініс болды. Таңғы теңіз тыныш. Көкжиекке қарап тұрған Каспийдің үстімен шағын кеме баяу жылжып келеді. Бортында — жас жұбай. Қол ұстасқан екі жас. Бірі – күйеу, бірі – келін. Ал екеуін ортақ мақсат алып келеді: дауыс беру.
Бүгін олар теңізге жай серуенге шықпаған. Алғашында жоспар басқа болған. Жас жұбайлар Каспий айдынында өздерінің love story бейнебаянын түсірмек еді. Теңіз үстінде басталған жаңа өмірдің алғашқы кадрларын сақтап қалғысы келген. Бірақ дәл осы күні ел тағдырына қатысты маңызды сәт — референдум өтіп жатқанын еске алған екі жас бағыттарын өзгертеді.
Кеме бағытын жағаға бұрды.
Көп ұзамай олар дауыс беру учаскесіне келіп жетті. Әдетте мұндай жерге адамдар көлікпен, автобуспен немесе жаяу келеді. Ал бұл жолы сайлау учаскесінің алдына Каспийден шыққан кеме тоқтады.
Жас жұбай кемеден түсіп, дауыс беруге кірді.
Бұл көрініс учаскеге келген адамдардың назарын бірден аударды. Өйткені бұл жай ғана романтикалық сәт емес, азаматтық жауапкершіліктің ерекше белгісі еді.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, мұндай оқиғалар Маңғыстауда жастардың қоғамдық процестерге бейжай қарамайтынын көрсетеді. Жаңа өмір бастаған жас жұбай үшін бүгін тек отбасылық тарихтағы ғана емес, ел тарихындағы да маңызды күн.
Кейде азаматтық ұстаным үлкен сөздермен емес, осындай қарапайым әрекеттермен көрінеді.
Каспийдің үстінен келіп берілген бір дауыс — соның дәлелі.