Ақтаулық қолөнершілер сайлаушыларға өз өнімдерін ұсынды
Ақтау қаласында қолөнершілер «Nauryz Sale» брендімен жәрмеңке ұйымдастырды. Қала тұрғындары дауыс беру учаскелерінде азық-түлік пен қолдан жасалған бұйымдарды сатып алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Otpannews.kz.
«Nauryz Sale» акциясы Наурыз мерекесіне арналған жалпыұлттық іс-шаралардың бір бөлігі ретінде ұйымдастырылып отыр. Оның мақсаты – отандық бизнесті қолдау, ішкі сауданы дамыту және мереке қарсаңында қазақстандықтарға тиімді сауда жасауға мүмкіндік беру.
66-сайлау учаскесінде өз өнімдерін ұсынған шеберлердің бірі – Галина Иванова. Зейнеткер әйел тоқыма ілгегімен жұмсақ ойыншықтар тоқиды. Оның айтуынша, бұл іспен айналыса бастағанына үш жыл болған. Бәрі қызына арнап бір ойыншық тоқудан басталып, кейін сүйікті хоббиіне айналған.
«Зейнетте бұл – жақсы әуестік. Әр ойыншықты үлкен махаббатпен, ілмекке ілмек қосып тоқимын. Өзім ешкімнен арнайы үйренген жоқпын, бәрін өз бетімше меңгердім. Қазір менің бұйымдарым Баку қаласында, Ресейде бар, сол жақтан бірден 13 тапсырыс берген. Германияда да бар. Әр бұйым ерекше. Әсіресе басы айналатын қуыршағыммен мақтанамын, ол құламайды. Бүгін жәрмеңкеде сайлаушыларға бірнеше ойыншық саттым. Жәрмеңкеден кейін өз учаскеме барып, дауыс беремін. Меніңше, әрбір дауыс маңызды», - деді Галина Иванова.
Ал Әйгерім Балмұрзиева жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерін ұсынды. Оның айтуынша, мұндай сауда алаңы тұрғындарға бір мезетте бірнеше істі қатар атқаруға мүмкіндік береді.
«Бізде түрлі азық-түлік өнімдері бар. Мысалы, Шымкенттен келген үй қаймағы, Оралдың шұжығы, Башқұртстанның сары майы. Сонымен қатар қазақстандық өндірістің кәмпиттері, жүгері чипстері, печенье бар. Жәрмеңкенің тиімділігі – адамдар бүгін бір жерде екі істі атқара алады: дауыс беріп, сонымен қатар үйіне дәмді әрі табиғи өнім сатып алады», - деді ол.
Айта кетейік, №66 сайлау учаскесіне келген тұрғындарға бауырсақ пен шұбат ұсынылды. Алғашқы үш сағаттың ішінде мұнда шамамен 100-ге жуық адам дауыс берген.
Учаскелік комиссия төрайымы Нұрсұлу Сейдалиеваның айтуынша, тұрғындардың белсенділігі жоғары.
«Халықтың белсенділігі жақсы. Көбіне үлкен буын өкілдері келіп жатыр, дегенмен 18 жасқа толған жастар да бар. Әр азамат жаңартылған Конституция бойынша өз таңдауын жасаудың маңызын түсінеді», - деді Нұрсұлу Сейдалиева.