Тараз тұрғыны күйеуі ұрыспасын деп полиция шақырды
Тараз қаласының тұрғыны өзін қарақшылық шабуылдың құрбаны болғанын айтып полицияға хабарласқан. Алайда тәртіп сақшылары тексеру барысында әйелдің күйеуінен алтын әшекейлерін сатып жібергенін жасыру үшін ойдан қарақшы ойлап тапқанын анықтады, деп хабарлайды otpannews.kz zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Әйелдің айтуынша, бетперде киген белгісіз ер адам үйіне басып кіріп, қарумен қорқытып, қолын байлап, алтын әшекейлері мен ақшасын алып кеткен. Ауыр қылмыс туралы хабар бірден тіркеліп, полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Оқиғаны анықтау үшін жедел қызметтер жұмылдырылып, тергеу және іздестіру шаралары жүргізілді. Алайда көп ұзамай ешқандай шабуыл болмағаны белгілі болды.
Полицейлердің анықтауынша, әйел күйеуімен жанжал болмас үшін қарақшылық туралы жалған оқиға ойлап тапқан. Негізінде ол алтын әшекейлерін бірнеше ай бұрын күйеуінің рұқсатынсыз сатып жіберген.
«Аталған дерек бойынша көрінеу жалған қылмыс туралы хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді полиция тарапы.