Маңғыстаудағы «Қазақтелеком» ұжымы референдумге барады
Маңғыстау облысында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» тақырыбында Қазақтелеком ұжымымен кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері Нұрбек Қарасаев, Жаңбырбай Матаев, Бекмұрат Жүсіпов, Ислям Усенов, Киікбай Жаулин және мекеме қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында өңірлік коалиция төрағасы Нұрбек Қарасаев Ата Заңның елеулі бөлігі жаңартылғанын атап өтіп, жаңа Конституция жобасы преамбуласының маңызына тоқталды.
-Конституциялық реформа аясында еліміздің Ата Заңына шамамен 84 пайыз, яғни 77 бапқа өзгерістер енгізіліп отыр. Конституция преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Кез келген құжаттың кіріспе бөлімі аса маңызды. Себебі онда мемлекеттің даму бағыты мен басты құндылықтары айқындалады. Жаңа Конституцияның преамбуласында адам құқықтары, қоғамдағы бірлік пен келісім, елдің тұтастығы мен тәуелсіздігі өзгермейтін құндылықтар ретінде нақты көрсетілген. Сонымен қатар, экология, әділеттілік, заң үстемдігі Конституциялық деңгейде бекітілді. Ең бастысы – халық биліктің қайнар көзі екені айқындалды, - деді Нұрбек Қарасаев.
Сондай-ақ, жиында облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев жаңа Конституция жобасындағы жаңашылдықтар, Халық кеңесі мен Вице-президент институтының маңызы мен мүмкіндіктеріне тоқталды.
-Халық кеңесі 126 мүшеден құралады. Оның 42-сі Қазақстан халқы Ассамблеясынан, 42-сі қоғамдық бірлестіктерден, 42-сі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден ұсынылады. Бұл кеңесте өңірлерге басымдық беріледі. Кеңес өңірлердегі өзекті мәселелерді жинақтап, орталыққа жолдайды және заң шығару бастамасын көтере алады. Ал Вице-президент – Президенттің орынбасары. Ол шет мемлекеттермен білім, ғылым, инновация бағытында өзара байланыс орнатып, ұсыныстар енгізе алады, сондай-ақ құрылтай мен Үкімет отырыстарына қатысу құқығына ие. Президент іссапарда немесе еңбек демалысында болған жағдайда оның өкілеттігін атқарады. Вице-президентке келісімді құрылтай береді. Егер құрылтай екі рет келісім бермесе, Президент құрылтайды таратуға құқылы, - деді Жаңбырбай Матаев.
Жиында жаңа Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы басты құжат екені атап өтілді. Адам құқығының ең жоғарғы құндылық ретінде айқындалуы, адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі, қоршаған ортаны қорғау, білім саласына ерекше көңіл бөлінуі, сондай-ақ неке ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде нақты тұжырымдалуы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, коалиция мүшелері қатысушыларды 15 наурыз күні өтетін референдумда белсенді түрде дауыс беруге шақырды.
Кездесу қорытындысында мекеме ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын және 15 наурызда өтетін референдумда өз таңдауын жасайтындарын жеткізді.