Ақтау қаласының әкімі дарынды оқушылармен кездесті
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов білім мен ғылымда, шығармашылық пен қоғамдық өмірде жоғары жетістіктерімен ерекшеленген қаладағы дарынды оқушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, салтанатты жиында қала басшысы жас таланттарды құттықтап, олардың табыстары мен жетістіктерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ бірқатар оқушыны арнайы марапаттап, алдағы оқу жолдарына сәттілік тіледі.
– Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Біз сіздермен мақтанамыз. Білімге деген құштарлықтарыңыз бен табанды еңбектеріңіз сіздерді әрдайым жаңа белестерге жетелей берсін. Қазақстанның жарқын болашағын бірге қалыптастыратынымызға сенімдімін, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Кездесуде дарынды оқушылар қала әкіміне өздерінің ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстарын таныстырып, жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар олар өздерінің қабілеттері мен бастамаларын ортаға салып, еркін пікір алмасты.
Іс-шара соңында қатысушылар қала әкімімен естелік суретке түсіп, әсерлі кездесуден көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.