Саида Құсайынова: «Әлем әдебиетін оқу арқылы шетелге саяхат жасаймын»
Саида Құсайынова кітап оқығанды жақсы көреді. 34 жастағы тифлопедагог қазір «Ғарыш» атты кітап жазып жүр. Көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға әріп үйретіп, сауатын ашып жүрген Саида осыған дейін де бірнеше кітап жазған. Оның оқырмандарының жасы – әртүрлі. 3 жастағы баладан бастап, 70 жастағы қарттармен де жұмыс істеп жүрген ұстаз 9 ай бойы сабақ үйретсе, жаздың үш айында бірнеше кітап жазуды әдетке айналдырған. Otpannews.kz тілшісі Саидамен арнайы кездесіп, сұхбаттасып келді.
Саиданың айтуынша, ол кітап оқу арқылы әлемді аралағандай болады. Жұмыстағы қажеттіліктеріне байланысты тіл үйренуді шешкен Саида бүгінде ағылшын тілінде еркін сөйлейді.
«Мен кітап оқығанды жақсы көремін. Әлемді көзбен көрмесем де шығарманы оқып, сол елдерде жүргендей сезінемін. Өзге елдің көшелерін, адамдарын, тарихы мен мәдениетін кітап арқылы танимын. Сол үшін маған әлем әдебиетін оқыған қатты ұнайды. Интернет дүкендер арқылы браиль қарпімен жазылған кітаптарды жиі сатып аламын. Одан бөлек кәсіби мамандығыма қатысты кітаптарды да көп оқимын. Қазақ тілінде жұмысқа арналған әдебиет жоқ. Мен Ресейдің әдістемесін, ағылшынның кітаптарын оқып, солардан білім аламын. Сол үшін 5 жылдан бері ағылшын тілін де үйреніп жүрмін»,- деді Саида.
Көзі көрмейтін және нашар көретін жандармен жұмыс істеу – оңай емес. Маман тапшылығы мен әдебиеттің аздығы оқу процесін күрделендіре түседі. Сол себептен Саида тағдырластары қоғамға үйреніп кету үшін браиль қарпінен бұрын өз-өзіне қызмет етуді үйретеді. Өз бетінше ас ішу, жуынып, киіну секілді әдеттер бізге оңай болса да, зағип жандар үшін – өмірдегі ең үлкен қажеттілік.
Саида қызметіне берілген маман ғана емес, ол – өмірге құштар жан. Әр күнінен зор мүмкіндік күтіп, әр сәтте жақсылықты ғана көреді. Кәсіби өсу мен жақсы адам болып қалуды армандайтын Саида – зағип болса да, қоғамға көп үлес қосып жүрген мықты маман.
«Менің алдыма келген ата-аналар баласына браиль арқылы жазып, оқуды үйреткісі келеді. Бірақ мен оларға оқудан да маңызды қажеттілік барын айтып, түсіндіремін. Өз киімін өзі киіп, өзі ас ішсе, беті-қолын өзі жуып, өз бетінше жүріп үйренсе – ата-анаға да, балаға да үлкен жеңілдік. Содан кейін ғана балаларды браильмен таныстырамын»,- дейді Саида Құсайынова.