Ақтауда аутизмі бар балаларды қолдауға арналған өңірдегі ең ірі орталық ашылды
Ақтау қаласында аутизм және өзге де менталдық даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Бұл жобаны іске асыруда Маңғыстау облысының әкімдігі аумағы 2000 шаршы метр болатын кең ғимаратты бөліп, ондағы жөндеу жұмыстарын толық қамтамасыз етті. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары орталықты ең заманауи жабдықтармен, арнайы жиһаздармен және қажетті техникалық құралдармен жарақтандыруға қаржы бөлді және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Жобаның әдістемелік сүйемелдеуін өз мойнына алып, білікті мамандарды даярлау жұмыстарына қолдау көрсетті.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында аутизм спектрінің бұзылыстары бар 514 бала тіркелген. Жаңадан ашылған орталық жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 125 балаға тегін және мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – Маңғыстау облысындағы аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балаларға кешенді көмек көрсететін алғашқы мемлекеттік мекеме әрі Қазақстан бойынша ашылған оныншы орталық. Орталықта ем алушылар екі ауысым бойынша келіп, 4 сағаттан қатысады. Күнделікті балаларға жаттығу жұмыстары жасалып, тұрмысқа қажетті дағдылар үйретіледі. Бұл өз кезегінде ата-аналарға да үлкен қолдау.
Жобаның басты мақсаты – балалар мен олардың отбасыларына ұзақ мерзімді әрі кешенді қолдауды бір жерде қолжетімді ету. Орталықта әр балаға жеке тәсіл қолданылып, оның күшті қырларын дамытуға, әлеуетін ашуға және жеке мүмкіндіктерін қолдауға ерекше мән беріледі.Орталықта балалардың дамуы мен әлеуметтенуі үшін ең тиімді әлемдік тәжірибелер қолданылады:
• ABA-терапия (қолданбалы мінез-құлық талдауы);
• Сенсорлық интеграция және эрготерапия;
• Кинезиотерапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру (ЕДШ);
• Еңбек терапиясы;
• Арт- және музыка терапиясы;
• Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабақтары.
Орталықта жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Оқу курстары мен тренингтер қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен өткізіледі. Кадрларды халықаралық стандарттарға сай даярлау жұмыстары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Ақтаудағы бұл орталық кәсіби көмекті бұрынғыдан да қолжетімді етіп, балалардың тұрғылықты жеріне жақын маңда жүйелі қолдау алуына жағдай жасайды.
“Орталықта ем алушы балаларға логопед, дефектолог, биотерапия мамандары қызмет көрсетеді. Мұнда қыш бөлмесі, арт терапия, ұстахана, шеберхана, робототехника мен сенсорлық кабинеттер бар. Мамандар жоспарлы түрле балаларды түзете-дамыту бағытында жұмыс істейді”, - деді невролог дәрігер Нұргүл Рахманқызы.
Бүгінде «Қамқорлық» аутизм орталықтарының желісі еліміздің 10 өңірін қамтып отыр. Осындай заманауи мекемелер Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан және енді міне, Ақтау қаласында табысты жұмыс істеп, елімізде балаларға кешенді көмек көрсетудің бірыңғай және берік жүйесін қалыптастыруда.