Otpan News Logo

Месси әлем чемпионатының алғашқы турындағы үздік футболшы атанды

|
19.06.2026 15:01
Месси әлем чемпионатының алғашқы турындағы үздік футболшы атанды
Фото: Ашық дереккөзден

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы тур қорытындысы бойынша шабуыл, креативті ойын және қорғаныс бағыттарындағы үздік ойыншыларды анықтады, деп хабарлайды otpannews.kz.


ФИФА-ның арнайы Power Rankings рейтингі футболшылардың тек голдары мен нәтижелі пастарын ғана емес, сонымен қатар шабуыл ұйымдастыру, қауіпті сәттер жасау және қарсыластың шабуылын тоқтатудағы үлесін де бағалайды.


Шабуылшылар рейтингінде Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси көш бастады. Алжирге қарсы матчта хет-трик авторы атанған тәжірибелі футболшы Аргентина құрамасының қақпаға бағытталған соққыларының 60 пайызын өз еншісіне жазған. Оның барлық соққысы дәл шыққан. Сонымен қатар Месси қарсылас қорғанысы мен жартылай қорғау шебі арасынан 23 рет доп қабылдап, 12 мәрте қорғаныс шебін бұзып өтті.


Креативті ойыншылар рейтингінің көшін Иран құрамасының қорғаушысы Рамин Резаэян бастады. Жаңа Зеландияға қарсы кездесуде (2:2) оң қапталда өнер көрсеткен футболшы 16 дәл пас беріп, қарсылас қорғанысын 13 рет бұзған. Сондай-ақ ол Иран құрамасының алғашқы голын соғып, екінші голдың ұйымдастырылуына тікелей қатысқан.


Ал қорғаныс шебіндегі үздік ойыншы ретінде Канада құрамасының қорғаушысы Дерек Корнелиус танылды. Босния және Герцеговинаға қарсы ойында (1:1) ол 17 рет допты тартып алып, турдың ең жоғары көрсеткішін тіркеді. Бұдан бөлек, 13 рет допты алаңнан шығарды, төрт тосқауыл жасап, төрт рет допқа иелік етті және әуедегі сегіз жекпе-жекте жеңіске жетті.


ФИФА мамандарының бағалауынша, алғашқы турда дәл осы үш футболшы өз құрамаларының ойынына ең үлкен әсер етіп, жеке шеберліктерімен ерекшеленді.

62
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!