Ақтауда жаңа автобус бағыттары ашылады
Қазіргі уақытта Ақтауда 11 бағыт бойынша 101 автобус қатынайды. Қалалық қоғамдық көлікте «Smart Mobility» ЖШС-ның «AvtoBys» электронды жол жүру ақысын төлеу жүйесі жұмыс істейді, ал жолаушылар жол ақысын көлік немесе банк картасы, сондай-ақ QR-код көмегімен төлей алады. Қала әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімі қоғамдық көлік саласында қандай жаңалықтар болатынын баяндады, деп хабарлайды otpannews.kz.
2026 жылдың 1 мамырынан бастап жол жүру ақысын бақылауға арналған бақылау-ревизиялық жүйе іске қосылды. Жаңа жүйе төлемдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және қоғамдық көлік жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін жол жүру жеңілдіктері кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Атап айтқанда, олар көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға, Чернобыль АЭС-індегі аварияларды жоюға қатысушыларға, ядролық сынақтарға қатысқан азаматтарға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегерлеріне, сондай-ақ басқа да белгіленген санаттарға қарастырылған.
Зейнеткерлер үшін де қосымша жеңілдіктер бар: 70 жасқа дейінгі азаматтар жол жүру құнының 50%-ын төлейді, ал 70 жастан асқан тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Келесі кезеңде бағыт желісіне кешенді талдау жүргізу, қоғамдық көлікпен толық қамтылмаған шағынаудандарды қосымша қамту мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ қолданыстағы бағыттарды оңтайландыру жоспарлануда. Жаңа автобус бағыттарын енгізу автовокзал құрылысы толық аяқталып, нысан пайдалануға берілгеннен кейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Көрсетілген шараларды іске асыру Ақтаудың көлік инфраструктурасын жаңғыртуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қала тұрғындары үшін қоғамдық көлік қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған.