Өңірдің белгілі спортшылары мұқтаж отбасыға Шетпеден баспана сыйлады
Маңғыстау ауданында тағы бір отбасы қоныс тойын тойлады. Манарбек Бисекенов бастаған өңір спортшыларының ұйытқы болуымен, тағдырдың тауқыметін тартқан еңбекке жарамсыз Сисенбай Шәукеновтің отбасы үйлі болды. Бұл – аймақ спортшыларының мұқтаж жандарға табыстаған 19-шы баспанасы, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстак ауданы әкімдігінің жазуынша, үйді отбасының өзі таңдаған. Өздерінің жүріп-туруына ыңғайлы барлық жағдай жасалған баспананың кілті табысталған сәтте көз жасына ерік берген ана ақтарыла алғыс айтты.
«Бұл күн біз үшін ғажайып түс сияқты. Үйіміз жарамсыз болған соң балалармен екі жылдан бері үй жалдап жүрміз. Бізге осындай кең, жарық үй және қосымша 500 000 теңге сыйлаған спортшы қауымға, Манарбек інімізге алғысым шексіз. Қуаныштан жүрегім жарылардай болып тұр», – деді ақжарма тілегін көз жасына ерік беріп тұрып жеткізді отбасының анасы Ғалия Жұқатаева.
Бұл игі істің артында үлкен ниет пен спорттық серт жатыр. Белгілі бапкер Манарбек Бисекеновтің айтуынша, бұл жолғы баспананың берілуі шәкіртінің халықаралық аренадағы үлкен жетістігімен тікелей байланысты.
- Өзім баптаған Хамза Ғұлама есімді дарынды спортшы халықаралық жарыстан жүлделі орын иеленсе, бір мұқтаж отбасыға үй сыйлаймыз деп ниеттенген едік. Бүгін сол ниетімізге жетіп жатырмыз. Шәкірт халықаралық додада көк туды желбіретіп, жүлдегер атанған сәтте, ұстаз өз сертінде тұрып, осы игі істі жүзеге асырдық. Демеуші болған барша спортшыға алғыс айтамыз, - деді Манарбек Бисекенов.
Мұқтаж жандардың жанарындағы жасты қуанышқа айналдырған саңлақтар бұл игі дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыра бермек.