Маңғыстауда 18 жастағы науқасқа алғаш рет эндоваскулярлық операция жасалды
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында эмболизация әдісі арқылы инновациялық аз инвазивті эндоваскулярлық операциялар жасала бастады. Алғашқы операциялардың бірі оториноларингология бөлімшесіне мұрыннан қан кету диагнозымен келген 18 жастағы науқасқа жасалды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Лор-дәрігер Заманбек Қалбаевтың айтуынша, науқасқа жедел түрде алдыңғы және артқы тампонада қойылды. Алайда, науқаста мұрыннан қан кету жиі қайталанып, гемоглобин төмен түсе бастады.
«Науқастың гемоглобинін тұрақтандыру мақсатында екі доза қан құйылды. Лор дәрігерлері тарапынан жасалған ем нәтиже бермегендіктен эндоваскулярлық хирург Қастер Байжанұлымен ақылдасып, консилиум жасалды. Нәтижесінде науқасқа мұрын тамырларының эмболизациясы операциясын жасауды ұйғардық», - деді лор-дәрігер Заманбек Қалбаев.
Екі сағатқа созылған операцияны интервенциялық-эндоваскулярлық хирург Қастер Байжанұлы сәтті жасады. Операция наркозсыз, тіліксіз, жергілікті жансыздандыру арқылы жасалды.
«Рефрактерлық эпистаксис кезінде науқасқа шұғыл медициналық көмек керек. Себебі қан кетулер жиі қайталанған сайын науқас әлсірей бастайды. Мұндай кезде күрделі ашық операцияларды жасау қиын әрі тәуекелді талап етеді. Сондықтан, біз, облыстық аурухана базасына заманауи, аз инвазивті эндоваскулярлық операцияны енгізіп жатырмыз. Операция барысында науқастың мұрнынан қанап жатқан тамырларды эндоваскулярлық жолмен бекіттік. Операциядан кейін науқаста қан кету тоқтап, мұрнындағы тампондар алынды», - деді эндоваскулярлық хирург Қастер Байжанұлы.
Бүгінде науқастың жағдайы тұрақты, отадан кейінгі қалыпқа келуі оңай жүріп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, алдағы 1-2 күнде үйіне шығарылады. Ал науқастың анасы Алматы қаласынан келіп, ақ халатты абзал жандарға ризашылығын білдіруде.
«Ауруханаға келген күннен бастап дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, қолдауын білдірді. Операция туралы алдын ала ақпарат беріп, ауырсынусыз, кесусіз өтетінін айтты. Қазір баламның денсаулығы жақсы, мұрнындағы қан кету тоқтады. Сенімімізді ақтаған, қамқор болған білікті дәрігерлер – Қастер Байжанұлына, Заманбек Қалбаевқа алғысымды білдіремін», - деді тұрғын Нұржамал Маметова.
Айта кетейік, мұндай эндоваскулярлық операциялар елде сирек жасалады. Енді маңғыстаулық тұрғындар жоғары мамандандырылған операцияны Алматы, Астана немесе шетелге бармай-ақ, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында жасата алады.