Ақтауда республикалық «Әбіш оқулары» басталды
Ақтауда республикалық «Әбіш оқулары» басталды. Оған 21 өңірден 200 оқушы қатысып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Мектеп оқушылары арасында Әбіш Кекілбаев шығармаларын насихаттау мен жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында өтіп жатқан байқау биыл жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Байқау 5 бағыттан тұрады: Ә. Кекілбаевтың шығармаларынан иллюстрациялық сурет салу, Ә. Кекілбаевтың шығармаларынан (проза, поэзиясынан) мәнерлеп оқу, Ә. Кекілбаев шығармалары бойынша зерделеу жоба байқауы және Ә. Кекілбаев шығармаларынан сахналық қойылым мен Ә. Кекілбаев шығармаларынан ақындар мүшәйрасы.
«Байқауға әр облыстан 8-11 сынып оқушылары арасынан 1 команда қатысып отыр. Команда құрамында 9 оқушы мен 1 жетекші бар. Жыл сайын Әбіш оқулары 4 бағыттағы байқаудан тұратын. Биыл бесінші бағыт ретінде ақындар мүшәйрасы қосылды»,- деді «Каспий дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Элеонора Медиева.
Айта кетейік, республикалық «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы 18-20 мамыр аралығында өтеді. 19 мамыр күні қатысушылар Әбіш Кекілбайұлының туған жері Онды ауылына барып, экскурсия жасайды.