Otpan News Logo

Ақтауда теңіз жағалауында шахмат маусымы ашылды

Ақтауда теңіз жағалауында шахмат маусымы ашылды

Ақтау қаласының теңіз жағалауында орналасқан ашық аспан астындағы шахмат алаңында бесінші шахмат маусымы ашылып, алғашқы турнир бастау алды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маусымашар жарысқа 6 бен 16 жас аралығындағы І және ІІ разрядтағы 20 жас шахматшы қатысуда. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас спортшылар арасында тартысты әрі қызықты ойын өрбуде.


Аталған шахмат алаңы - «Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қорының төрағасы Роман Оразымбетовтың бастамасымен жүзеге асқан әлеуметтік жоба. Жоба алғаш рет 2021 жылы қолға алынған. Оның негізгі мақсаты - қала тұрғындарына арналған жайлы интеллектуалды демалыс кеңістігін қалыптастыру. Осы бағытта алаңға арнайы шахмат үстелдері орнатылып, келушілер үшін қолайлы орта жасалған.


Қазіргі таңда аумақта табиғи тастан жасалған орындықтар, урналар мен гүл құмыралары орналастырылған. Алдағы уақытта жоба аясында ойын алаңын кеңейту жоспарланып отыр.


Жыл сайын жаз мезгілінде осы алаңда түрлі деңгейдегі шахмат турнирлері ұйымдастырылады. Оған жасөспірімдермен қатар ересек шахматшылар да белсенді қатысады. Роман Оразымбетов жүлделі жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырған.


- Мұндай жобалар өңіріміз үшін өте маңызды деп есептеймін. Шахмат болсын, жалпы спорт түрлерінің көп болуы жастардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне ықпал етеді. Алдағы жаз айларында жаттықтырушылар келіп, балаларға тегін дәріс өткізеді. Алдыңғы жылы жиналған тобымыз бар. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар да қатысады. Қорымыз нашақорлықпен күрес бағытында жұмыс жүргізетіндіктен, осындай тегін үйірмелердің болғаны өте қажет, - деді Роман Оразымбетов.


Бүгінгі турнирге төрелік еткен ҚР Шахмат федерациясының ұлттық дәрежедегі төрешісі Серік Бүркітбаев шахматтың жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, осындай игі бастаманы жүзеге асырып отырған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

85
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!