Otpan News Logo

Ақтауда ерекше жандарға арналған орталықтар көбейді

Ақтауда ерекше жандарға арналған орталықтар көбейді

Ақтауда балалар мен ересектерге арналған мамандандырылған әлеуметтік және оңалту бағытындағы мекемелер саны артып келеді. Соңғы жылдары қалада осы бағытта бірқатар орталық пайдалануға берілді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Биыл сәуір айында Ақтауда балаларға арналған жаңа түзету-оңалту орталығы ашылды. «Қамқорлық» орталығы Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында жұмыс істейді. Мұнда аутизм спектрінің бұзылыстары және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арнайы көмек көрсетіледі. Жаңа әлеуметтік нысан 125 орынға арналған.


Өткен жылы облыс орталығында мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік және тұрмыстық бейімдеу орталығы ашылды. Ол 29 шағын ауданда орналасқан және «Kazakhstan Active Rehabilitation» қоғамдық қорының қолдауымен құрылған. Орталықта омыртқа мен жұлын жарақатын алған азаматтарға көмек көрсетіледі.


Сонымен қатар өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істеп тұр. Жобаның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және өзге де мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсету.


Облыста бұдан бөлек арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін төрт орталық бар. 2025 жылы барлық мекемеде ғимараттарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.


Жөндеу жұмыстары кезінде оңалту орталығы заманауи медициналық құрылғылармен де жабдықталды. Олардың қатарында магниттік терапия аппараты, ультрадыбыстық терапия құрылғысы, электротерапиялық аппараттар, арнайы массаж үстелі, тізе және жамбас буындарын пассивті түрде қозғалтатын құрылғылар, вертикализатор, механотерапиялық тренажерлар, жүрек қызметін бақылау құрылғылары және өзге де оңалту жабдықтары бар.


Мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыста қолжетімділіктің интерактивті картасына мониторинг жүргізілуде.


Қазіргі уақытта картаға 1572 нысан енгізілген. Оның ішінде 1040 нысан толық бейімделсе, 532 нысан жартылай бейімделген. Өңір бойынша қолжетімділік деңгейі 66 пайызды құрайды.


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде 30 инватакси қызмет көрсетеді. Оның 11-і арнайы жабдықталған көлік. Бұл көліктерде мүгедектігі бар адамдарды отырғызу және түсіруге арналған гидравликалық немесе жылжымалы құрылғылар, сондай-ақ арба бекіткіштері қарастырылған. Қалған 19 көлік – жеңіл автокөліктер.


Мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Олардың қатарына гигиеналық құралдар, протездік-ортопедиялық бұйымдар, есту және көру қабілетіне арналған арнайы техникалар, кресло-арбалар, санаторийлік емдеу, жеке көмекші қызметі мен ымдау тілі маманының қызметі кіреді.


Бұл қызметтер медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы әзірлеген жеке оңалту бағдарламасы негізінде Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетіледі. Порталдың басты артықшылықтарының бірі – азаматтардың қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдауына мүмкіндік берілуі, процестің ашықтығы және қызметтерді онлайн рәсімдеу мүмкіндігі.


Өтінімдерді халыққа қызмет көрсету орталықтары, электронды үкімет порталы, ұялы байланыс құрылғылары арқылы беруге болады. Қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде де өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған. Сонымен қатар кеңесті 1414 байланыс орталығы арқылы алуға болады.


Мүгедектігі бар азаматтар Әлеуметтік қызметтер порталы (Aleumet.egov.kz) арқылы техникалық құралдар мен қызмет жеткізушілерін өздері таңдай алады. Таңдау екі ай ішінде жасалуы тиіс. Тапсырыс берілген құралдар курьер арқылы жеткізіледі немесе азаматтар өздері алып кете алады.


13 наурыздағы жағдай бойынша облыста Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтардың 9518-ден астам тапсырысы орындалған. Оның ішінде протездік-ортопедиялық құралдарға – 795, есту құралдарына – 209, көру құралдарына – 664, кресло-арбаларға – 257, гигиеналық құралдарға – 4441 тапсырыс берілген. Сонымен қатар 193 адамға ымдау тілі маманының қызметі көрсетілсе, 1573 адам жеке көмекші қызметін пайдаланған. Ал 1386 азамат санаторийлік-курорттық емдеумен қамтылған. Бұл мақсаттарға қалалар мен аудандар бюджеттерінен 9,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.


Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға да қолдау көрсетілуде. Жыл сайын олар үшін жұмыс орындарының квотасы белгіленеді.

Биыл өңірдегі 85 ұйымда 483 жұмыс орны қарастырылған. Сонымен қатар арнайы жабдықталған жұмыс орындары ашылуда. Биыл мұндай орындарға жеті адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Қажетті жабдықтарды сатып алуға 8,6 миллион теңге, ал жалақы төлеуге 24,6 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ бұған дейін барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек жылына бес рет, мерекелік күндерге орай төленіп келсе, қазір төлемдер біріктіріліп, жылына бір рет – мамыр айында беріледі. Төлем көлемі өзгермеген және 110 мың теңгені құрайды.

 

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!