Otpan News Logo

Ақтаулық Азия әже әлемнің 20 елін аралады

Ақтаулық Азия әже әлемнің 20 елін аралады

Маңғыстаулық 61 жастағы Азия Мұханова бүгінде көптеген замандастары мен жастар үшін нағыз мотивацияның үлгісіне айналды. 33 жыл бойы фармацевтика саласында адал еңбек еткен кейіпкеріміз бүгінде спортты серік етіп, әлемнің 20-дан астам елін аралап үлгерген белсенді саяхатшы, деп хабарлайды otpannews.kz.


Ақтау қаласының тұрғыны Азия Мұханова 1965 жылы Таушық ауылында дүниеге келген. Мамандығы провизор. Ол 1983 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, ұзақ жылдар бойы дәріхана саласында қызмет еткен. 2021 жылға дейін осы салада еңбек етіп, кейін өмірінің жаңа кезеңін – саяхат пен өзін-өзі дамыту жолын бастаған.


Азия Мұханова – үш баланың анасы, бүгінде екі келіні, күйеу баласы және 8 немересі бар ардақты әже. Соған қарамастан, ол белсенді өмір салтын тоқтатпаған. Спортпен 41 жасынан бастап айналысып келеді. Қазіргі таңда аптасына бірнеше рет фитнеске барып, денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар жүгіру, массаж секілді пайдалы әдеттерді өмір салтына айналдырған.


Ол экстремалды спорт түрлеріне де қызығушылық танытады. Жас кезінен мотоцикл айдағанды жақсы көретін Азия Мұханова бүгінде де саяхат кезінде мотокөлік тізгіндеп тұрады. Сонымен қатар велосипед пен гидроцикл айдайды. Өзінің айтуынша, кейде еркіндік пен адреналин сезімін сезіну үшін мотоциклмен серуендегенді ұнатады.


Азия Мұханова 2007 жылы жүргізуші куәлігін алып, 2010 жылдан бері тұрақты түрде көлік жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында Mercedes, Lexus, Nissan, Camry сынды түрлі көліктерді тізгіндеген. Қазіргі таңда Haval Dargo X автокөлігін жүргізеді.


Белсенді өмір салтының тағы бір қыры – қыс мезгіліндегі суға түсу. Ол моржевание, яғни мұздай суға шомылумен айналысады. Шыныққан денесінің арқасында жылдың кез келген мезгілінде таңертең ерте суға түсіп, сергектігін сақтайды.


Саяхатқа деген қызығушылығы 2021 жылдан басталған. Алғашында Америка Құрама Штаттарына виза ала алмағанымен, бұл жағдай оның жігерін жасыта алмаған. Керісінше, жаңа елдерді көруге деген ынтасын оятқан. Алғашқы сапарын Түркиядан бастап, кейін Дубай, Еуропа елдері, Тайланд, Қытай, Бали (Индонезия), Малайзия, Вьетнам секілді көптеген мемлекеттерді аралаған.


2023 жылы Шенген визасын алып, Бельгия, Нидерланд, Франция, Швейцария, Италия және Ватикан елдеріне саяхат жасаған. Кейін Америкаға барып, көптен бергі арманына да қол жеткізген.


Саяхат барысында түрлі қызықты оқиғаларды бастан өткізген Азия Мұханова Сан-Франциско мен Нью-Йоркте адасып қалған кездері болғанын айтады. Алайда батылдығы мен өмірлік тәжірибесінің арқасында барлық қиындықты еңсерген.


Сондай-ақ, ол Еуропадағы Черногория мемлекетіне саяхаттаған кезінде парапланмен көкке көтеріліп, биікте қалықтаған. Айтуынша, бұл ерекше сәтте ешқандай қорқыныш сезінбеген.


Ол тек саяхаттап қана қоймай, ағылшын тілін де меңгеріп жүр. Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы оқу орталықтарының бірінде аптасына үш рет ағылшын тілі курсына қатысады. Оның айтуынша, әлемді еркін аралау үшін тіл білу өте маңызды.


Менің басты кеңесім – жалқаулыққа жол бермеу және спортты үзбеу. Ең бастысы – тұрақтылық. Адам өзіне сеніп, үнемі дамып отырса, кез келген жаста жаңа өір бастауға болады, - деді Азия Мұханова.


Бүгінде ол әлеуметтік желіде де белсенді. Instagram желісіндегі «Азия Муханова» парақшасында саяхаттан түсірілген фото-видеоларымен бөлісіп, өз қатарластарына шабыт беріп жүр. Азия Мұханованың өмір жолы – жасқа қарамай жаңа белестерді бағындыруға, спортпен шұғылданып, әлемді тануға болатынының жарқын дәлелі.


44
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!