Otpan News Logo

Ақтауда педагогтардың кәсіби бағдар беру құзыреттілігін дамытуға бағытталған курс басталды

|
10.03.2026 10:40
Ақтауда педагогтардың кәсіби бағдар беру құзыреттілігін дамытуға бағытталған курс басталды

Бүгін Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде профориентологтардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқу курсының ашылу салтанаты өтті. Жобаға өңірдегі 100-ге жуық профориентолог қатысып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Курстың басты мақсаты – кәсіби бағдарлау жұмысының ғылыми-әдістемелік негіздерін тереңдету және оқушылардың қабілеті мен қызығушылығын анықтаудың заманауи диагностикалық құралдарын меңгерту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, курс аясында еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы өзекті ақпарат беріліп, білім алушылармен, ата-аналармен және педагогтармен тиімді коммуникация орнату дағдылары үйретілмек. 

 

“Біліктілікті арттыру курсы педагогтардың кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, өңірдегі білім беру ұйымдарында оқушылардың саналы мамандық таңдауына тиімді педагогикалық қолдау көрсету жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Бүгін жаңа дағдыларды меңгеруге қызығушылық білдірген 100-ге жуық профориентолог жиналды. Атап айтқанда, Ақтау мектептерінен – 36, Жаңаөзеннен – 25, Мұнайлы ауданынан – 22, ал Түпқараған ауданынан – 12 профориентолог қатысуда. Курс теория және практикалық сабақтардан құралған. Жалпы ұзақтығы – 8 апта”,- деді педагогика кафердасының меңгерушісі Алия Джанисенова. 


Кездесу барысында кәсіби бағдар беру саласындағы маңызды бағыттар талқыланды. Спикер Шынар Мендалиеваның айтуынша, Есенов университетінің зерттеу тобы Қазақстанның 6 өңірі үшін жаңа мамандықтар Атласын әзірледі. Зерттеу нәтижесінде 242 жаңа мамандық, 114 трансформацияланып жатқан мамандық және 102 жойылып бара жатқан мамандық анықталған. Атластың 2023 жылы жасалған ең алғашқы нұсқасында өңірге ең қажетті салалар – мұнай-химия, білім беру және туризм еді. Ал жаңа нұсқада өңірге ең қажетті мамандар – құрылыс, көлік-логистика және энергетика салаларында. 


“Еңбек нарығының құрылымы өте жылдам өзгеріп келеді. Есенов университетінде бірінші Атласта көрсетілген 17 жаңа мамандық бойынша білім беру бағдарламалары әзірленді. Бұл бағдарламалар бойынша 1163 студент білім алуда. Сонымен қатар Атластың 2.0 нұсқасының нәтижелері бойынша 38 жаңа мамандықты білім беру бағдарламаларына енгізу жоспары әзірленді. Атластар негізінде экономиканың негізгі салалары үшін 187 жаңа мамандықтың тізімі қалыптастырылды. Бұл тізім Мамандықтар тізілімін және кәсіби стандарттарды жаңарту үшін пайдаланылады”,- деді «Skills Technology Foresight әдісі негізінде Қазақстан өңірлерінің жаңа мамандықтар мен құзыреттер атластарын әзірлеу» ғылыми жобасының аға ғылыми қызметкері Шынар Мендалиева.
28
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!