“Мүмкіндік” жобасы: Ел батысындағы 4 өңірдің 60 баласына шетелдік дәрігерлер ота жасайды
Ақтаулық белсенді Әсемгүл Адамбай ел батысындағы 4 өңір – Маңғыстау,Атырау Орал мен Ақтөбедегі науқас балаларға көмектесу мақсатында ауқымды қайырымдылық жобасын қолға алды. «Мүмкіндік» деп аталатын бұл бастама шеңберінде 60 балаға күрделі хирургиялық көмек көрсетілмек, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұл бастама шет елдегі емді қалтасы көтермейтін, бірақ күрделі отаны талап ететін балаларға зор мүмкіндік сыйлайды. Өйткені 60 бала шетелге барып емделсе, оған 1 млрд теңге қажет болмақ. Ал әлемдік деңгейдегі 6 хирургты елімізге шақырту арқылы бұл шығынды 240 млн теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік туып отыр.
Қажетті соманың 140 млн теңгесін елордалық құрылыс компаниясы өз мойнына алды. Қалған 100 млн теңгені халықтық жинау арқылы толықтыру көзделген.
“Мүмкіндік” жобасы 3 бағытта ота жасауға бағытталған: ортопедия, кардиохирургия және эндовидеохирургия. Жоба ұйымдастырушысының айтуынша, алғашқы ота Ақтөбе қаласында сәуір айына жоспарланып отыр.
“Кеше Ақтауда қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде қайырымдылық ауыз ашар кеші өтті. Келушілер аукционға қатысып, нәтижесінде 13 млн теңге бірнеше сағат ішінде-ақ жиналды”,- деді Әсемгүл Адамбай.
Мұндай жобалардың тиімділігіне 10 жасар Мағжанның тағдыры дәлел. 2024 жылғы осындай бастама аясында оған шетелдік мамандар сәтті ота жасаған.
“Мен 2015 жылы босандым. Балам 1 жас 3 айға толғанда “вальгус табаны” деген диагноз қойылды. Сол үшін тізесі деформациялана бастағанда арнайы блок қойдырғанбыз. Бірақ көлік қағып, аяғы сынып кетті. Кесірінен баламның сол аяғы оң аяғынан 5 см-ге ұзын. Аяғына жалпы 7 ота жасалды. Шетелге апаруға жағдайым жетпеді. Әсемгүл ұйымдастырған жоба аясында соңғы отаны шетелдік дәрігерлер өткізді. Бүгінде баламның жағдайы жақсы”,- деді жобаға қатысушы аналардың бірі Нұрсұлу.