Ақтаулық мектеп завхозы Каспийдің су асты әлемін көрсетті
Қанат Әбдиев Ақтаудағы мектептердің бірінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейді. Осыдан бес жыл бұрын теңіз түбінен қызықты қабыршақтар (ракушка) іздей бастаған. Кейін дайвингке қызығып, қазір Каспийдің су асты әлемін зерттеп жүр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қанат бес жыл ішінде тек тереңдікке сүңгіп қана қоймай, теңіз түбіндегі қоқыстарды да жинайтынын айтады.
«Мен теңіз түбін тазартумен де айналысамын. Каспий теңізінен көптеген қызықты нәрселерді көруге болады.Мысалы, пішіні таңғажайып тастар, балықтар, теңіз шаяндары. Сүңгіген сайын су асты әлемі әртүрлі болып көрінеді. Мысалы, бүгін су мөлдір болса, 3-4 күннен кейін мүлдем басқаша болуы мүмкін. Яғни теңіз үнемі өзгеріп отырады. Сондай-ақ онда түрлі балдырлар мен ерекше табиғи көріністер бар. Осының бәрі дайвингпен айналысуды одан ары қызықты ете түседі»,- дейді дайвер.
Киімімді киіп, суға сүңги бастағанда бойында қорқыныш бсталатынын айтады Қанат.
«Мұндай сәтте адамда мазасыздық пен қобалжу болады. Су асты әлемін көргенде жүрек қағысы жиілеп, тыныс алу сәл бұзылуы мүмкін. Ондай кезде сабыр сақтау маңызды. Сонда ғана су астына еркін сүңгуге болады. Әрине, аздаған қорқыныш бәрібір қалады. Мен дайвингпен кәсіби түрде емес, әуесқой деңгейде айналысамын. Мен үшін бұл көбіне спорт немесе хобби. Теңізге сүңгігенде 1,5-2 сағаттай бола аламын. Көбіне демалып, миымды сергіту үшін сүңгимін»,- деді Қанат Әбдиев.
Болашақта ол Каспий теңізінің су асты әлемін көрсетіп, оның құпияларын ашқысы келеді.
«Каспий теңізіне бір рет болсын сүңгіген кез келген адамның су асты әлеміне деген көзқарасы өзгереді. Себебі бізде алысқа саяхаттауға мүмкіндік бола бермейді. Ал су астына сүңгу басқа бір әлемге тап болғандай әсер сыйлайды. Мен осы сезімді басқаларға да жеткізгім келеді. Әзірге басқа теңіз бен мұхитта болған жоқпын. Болашақта басқа теңізде дедайвингпен айналысқым келеді»,- деді Қанат Әбдиев.
60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев