Otpan News Logo

Маңғыстаудың даму бағыты талқыланды

|
02.04.2026 14:54
Маңғыстаудың даму бағыты талқыланды

Ақтау қаласында «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеевтің мәлімдеуінше, 2025 жылы өңірдің негізгі салаларында оң динамика байқалған. Биылғы дамудың басты ерекшелігі – экономиканы әртараптандыруға баса назар аударылуында.


Стратегиялық жоспар бойынша, 2030 жылға қарай облыс экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгереді. Әсіресе, тау-кен саласына тәуелділік төмендейді, логистика, сауда және қызмет көрсету секторларының үлесі артады, сондай-ақ туризм, балық және түйе шаруашылығы секілді балама салаларға басымдық беріледі.


Қазіргі таңда Маңғыстау облысын ірі халықаралық көлік-логистикалық хабқа айналдыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта ірі инвестициялық жобалар мен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қатар іске асырылып жатыр.


Кеңес төрағасы Раушан Аймұрза партиялық бақылаудың маңыздылығына тоқталып, әрбір жобаның халық игілігі үшін сапалы орындалуы қажеттігін қадап айтты.


«Өңір экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әрбір жоба біздің тұрақты назарымызда болады. Жол картасының көрсеткіштері тек қағаз бетінде емес, нақты нәтижесімен көрінуі тиіс», – деді Раушан Аймұрза.
82
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!