Ақтауда колледждерде медиацияны енгізу мәселелері талқыланды
Ақтау қаласындағы Достық үйінде «Колледждерде медиация жобасын енгізу» тақырыбында облыстық семинар өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараның мақсаты балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы мен әлеуметтенуіне ықпал ететін қауіпсіз, қолайлы және ізгі білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Семинарға колледж директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар және топ жетекшілері қатысты. Ашылу рәсімінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары мен Маңғыстау облысы білім басқармасының өкілдері сөз сөйлеп, жас ұрпақ тәрбиесіндегі медиацияның рөлі мен маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында медиативтік тәжірибені енгізудің өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар студенттер арасындағы өзара түсіністікті дамыту, құқықтық мәдениетті арттыру бағытында пікір алмасты. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары, сот жүйесі және адам құқықтарын қорғау саласының мамандары жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша баяндамалар жасады.
Тәжірибелік бөлімде қатысушыларға арналған тренингтер ұйымдастырылып, медиация әдістерін қолдану, жанжалды жағдайларды басқару және тиімді келіссөз жүргізу дағдыларын дамытуға бағытталған кейстер ұсынылды. Бұл педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, өңірде жүзеге асырылып жатқан «Медиация колледжі» жобасының мазмұны мен іске асыру тетіктері таныстырылып, оның студенттер мен педагогтер арасындағы өзара сенімді нығайтудағы маңызы атап өтілді.
Семинар қорытындысы бойынша білім беру ұйымдары мен медиация саласындағы мекемелер арасында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келісімдерге қол қойылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, ұсыныстарын білдірді. Алдағы кезеңде медиацияны білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізу бойынша нақты міндеттер айқындалды.