Otpan News Logo

Елімізде «Бекіре-2026» балық қорғау акциясы басталды

|
02.04.2026 16:11
Елімізде «Бекіре-2026» балық қорғау акциясы басталды

1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысы аумақтарында жыл сайынғы ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы жалғасады, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Уылдырық шашу кезеңінде бағалы балық түрлерінің, соның ішінде бекіре тұқымдастарының уылдырық шашатын орындарға көшуін қамтамасыз ету мақсатында табиғатты қорғау және құқық қорғау органдары заңсыз аулауға және балық өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтіп отыр.

 

Акция аясында браконьерлік деректер жиі тіркелетін су айдындарында стационарлық және жылжымалы бекеттер ұйымдастырылып, Батыс өңірдегі автожолдарда мобильді топтар құрылды. Негізгі күштер Каспий теңізі жағалауында және Жайық өзені мен Киғаш өзені сағалары маңында шоғырландырылады. Себебі дәл осы аумақтарда браконьерлік деректері жиі анықталады.

 

Сондай-ақ әуежайлар, вокзалдар мен ірі автожолдарда балық пен балық өнімдерін елден тысқары шығаруға бақылау күшейтіледі. Бұдан бөлек, заңсыз балық айналымының жолы кесіліп, анықталады.

 

Акцияға Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының 1143 қызметкері қатысады. Жайық-Каспий бассейнінде 226 автокөлік пен квадроцикл, 90-нан астам катер мен шағын кемелер, 6 әуе техникасы және басқа да құралдар жұмылдырылады.

 

Бұл ретте жалпы саны 39 бекет құрылған, оның 9-ы стационарлық, 30-ы жылжымалы. Сонымен қатар, Батыс өңірдің автожолдарында жұмыс істейтін 26 мобильді топ жасақталған.

 

Айта кетейік, өткен жылғы «Бекіре-2025» акциясы барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 1125 дерегі анықталып, 867 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған және 33 қылмыстық іс тіркелген.

 

44
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!