Ақтаулықтарға кеңес: Жаңбырдан кейін пәтерді немесе үй кіреберісін су басса не істеу керек?
Облыстық әкімдіктің чатында үйлері жаңбырдан зардап шеккен қала тұрғындарынан шағымданып жатыр. Тұрғындар су кеткен жерлердің суреттерін жіберіп, не істеу керектігін, қайда жүгіну қажеттігін, жөндеуді кім жүргізуі тиіс екенін және шығынды өтеу мүмкіндігі бар-жоғын сұрап жатыр. Айта кетейік, Ақтауда бірнеше күн бойы жаңбыр жауды, ал болжам бойынша апта соңында тағы да жауын күтілуде, деп хабарлайды otpannews.kz.
Су галереяларды, подъездерді басып жатыр, шатырлар мен ішкі конструкциялар бұзылып, пәтерлер де жаңбыр салдарынан зардап шегуде.
Мамандар зақымдану сипатына қарай оларды шартты түрде 2 санатқа бөлуге болатынын атап өтті. Алғашқысы – электр сымдары мен кабельдерінің үзілуі нәтижесінде ток соғу қаупі немесе өрт шығу қаупі туындаған кезде. Ал екіншісі – коммуникациялардың зақымдануы салдарынан су ағып, суды тез арада тоқтату қажет болғанда. Мұндай жағдайларда түбіртекте көрсетілген басқарушы компанияның апаттық қызметіне хабарласу керек. Сондай-ақ ел бойынша әр өңірде жұмыс істейтін біріңғай диспетчерлік қызметке (БДҚ) 109 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
«Қалалық тұрғын үй инспекциясы» ММ басшысы Руслан Жүкеновтің айтуынша, бұл мәселелер заң бойынша қызмет көрсетуші компаниялардың – МИБ (ОСИ), ПИК (КСК) құзыретіне жатады.
«Осы аталған қызмет көрсетуші мекемеге жазбаша өтініш қалдыру керек. Қызмет көрсетуші ұйымның мамандары су басқан жер, оның себептері және зақымдану көлемі туралы ақпарат көрсетілетін акті толтыруы тиіс. Ал компания еш әрекет етпесе онда бақылаушы органдарға жүгіну керек»- деп түсіндірді маман.
Естеріңізге сала кетейік, тұрғын үй инспекциясы – бұл ТҮКШ саласындағы негізгі қадағалау органы, ол басқарушы компанияларға міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін санкциялар қолдануға уәкілетті.
Шағымды электрондық үкімет порталы немесе инспекцияның ресми сайты арқылы беруге болады. Аудандық немесе қалалық әкімдіктердің тиісті бөлімдеріне де жүгінуге болады, бірақ ең оңтайлы шара – жалпықазақстандық 109 жедел желісі.
«Егер жеке мүлік зардап шегіп, су пәтерге кіріп, еденді, техниканы бүлдірсе, шатырдан су өтсе – басқарушы компаниядан комиссия шақыру қажет. Ол келгенге дейін су басуды видеоға түсіріп, әртүрлі ракурстан мүмкіндігінше көп фотосурет жасаңыз»,- деп кеңес береді маман.
ПИК-тің кінәсін мойындаудан бас тарту тактикасын таңдап, соманы азайтуға тырысуын жоққа шығаруға болмайды – бұл жағдайда шығынды тәуелсіз бағалаудан өткізген дұрыс.
«Бағалау компанияларының жұмысы – бұл лицензияланатын қызмет түрі, бірақ бұл үй иесінің мүддесінде ғана»,- дейді Руслан Жүкенов.
Егер басқарушы компания асықпаса, онда материалдық шығынды өтеу туралы сотқа дейінгі шағым жолдау орынды.
Ең соңғы шара – сот, бірақ бұл басқарушы компаниямен бейбіт түрде келісу мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады.