Кондитерлік орталықта ұсақ бұзақылық жасаған азамат жауапқа тартылды
Кондитерлік орталықта ұсақ бұзақылық жасаған азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғаны үшін А.-ға қатысты іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі). Ағымдағы жылдың наурыз айында азамат А. Ақтау қаласында, 34 шағын ауданда орналасқан №1 үйдегі «A» кондитерлік орталығында қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол орталықтың ішінде үстелді көтеріп, басына ұрып сындырған, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтып, бұзақылық жасаған.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясы жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе жиырма сағаттан алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бестен он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сот қаулысымен А. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.