Маңғыстауда лимон мен киви өседі
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені жыл санап дамып келеді. Бұл бағытта сұранысқа ие болып отырған -жылыжай шаруашылығы. Осы саланың қыр-сырын білу үшін otpannews.kz сайтының тілшісі тәжірибелі жылыжай маманымен сұхбаттасып, саладағы жаңа серпін туралы білді.
Нұрқия Бекниязова жылыжай шаруашылығын 2022 жылы бастады. Шаруашылығы «Nariman Agro» деп аталады. Ол еңбекқорлыққа деген құштарлық жылыжай шаруашылығымен айналысуға себеп болғанын айтады. Жылыжай иесі алғашында қияр егіп, кейін жасыл шөптердің қатарын көбейткен.
«Жылыжайда жасыл шөптер: салат, руккола, шпинат, аскөк, ақжелкен бар. Қазіргі таңда бұл көкөністерді азайтып, цитрус ағаштарын егуді бастадық. Оның ішінде: лимон, апельсин, мандарин, киви бар. Талдарды еккенімізге 2 жылдан асты. Биыл қатарын көбейттік. Біздің Маңғыстаудың ауа-райына қайсысы қолайлы, қандай ерекшеліктері бар екенін күнделікті бақылап, қарап отырамыз. Жасыл желектер Өзбекстаннан Қазақстанға импортталады. Ал олардың бағасы өте қолжетімді. Бұл бізге тиімсіз болғандықтан цитрусты жемістерді егуге бел будық»,-дейді Нұрқия Бекниязова.
Жылыжайда 2 жылдан бері цитрусты ағаштар гүлдеп жатыр. Мұндағы жеміс ағаштары ешқандай селитрасыз өседі. Яғни, өнімді өсіру кезінде химиялық минералды тыңайтқыштарды (әсіресе құрамында азоты көп аммиак селитрасын) қолданбайды. Бұл әдіс - «органикалық егіншілік» немесе «экологиялық таза өнім» концепциясының негізі.
«Біз ағашты еккенде химиялық минералды тыңайтқыштарды қолданбаймыз. Себебі, дайын болған өнімді өзіміз, балаларымыз, туыстарымыз тұтынады. Тұрғындардың да сапалы, таза өнім жегені біз үшін маңызды. Өнім тұтынушылардың көңілінен шықса, біз үшін үлкен жетістік»,-деді ол.
«Nariman Agro» жылыжай шаруашылығы 2024 жылы «Бір ауыл-бір өнім» жобасымен мемлекеттік грантты жеңіп алды. Алған қаражатқа жылыту қазандығын сатып алған.
«Қатысқан алғашқы жобамыз - «Бір ауыл-бір өнім». Сәтті жоба болды. Жылыжайымыз бір қазандықпен толықты. Алдағы уақытта мемлекеттік гранттарға қатысқымыз келеді. Себебі, жылыжайдағы өнімдердің санын, сапасын арттырып, тапсырыс берушілердің сұранысының орнын толтырсақ дейміз. Әсіресе, хош иісті эфир майын өсіргіміз келеді. Қазір жылыжайда розмарин, тимиян шөптері бар. Күніне 5 келіден Асар-С базарына апарамыз. Халық арасында сұраныс өте жоғары. Осындай өнімдердің қатарын көбейту үшін мемлекет тарапынан көмек болса, жылыжай шаруашылығын кеңейту, дамыту жоспарда бар»,- деді жылыжай иесі.
Нұрқия Бекниязованың айтуынша, розмарин шөбі ғасырлар бойы дәстүрлі медицинада қолданылады. Сән индустриясында шашты өсіру, қалпына келтіру мақсатында қолданылса, ежелгі медицинада теріні емдеп, тыныс алу жүйесін қалыпқа келтірген. Ал тимиян шөбі қақырықты сұйылтып, иммунитетті көтереді. Тимиянның құрамындағы эфир майлары бактериялармен, микробтармен күресе алатын қасиетке ие. «Сондықтан бұл өнімді Ақтауда өсіру жергілікті халық үшін дайын табиғи дәріханамен тең», - дейді ол.
Бұған дейін Мұнайлы әкімдігі жылыжайды кеңейтуге жер берілетінін айтқан. Жылыжайдың аумағы кеңейсе, «Nariman Agro» өнімдердің саны мен сапасын да арттырғысы келеді.
«Әкімдік тарапынан берілетін жерге қияр мен жасыл шөптерді егеміз. Себебі тұрақты тұтынушылар әлі күнге дейін өнімдерді сұрайды. Иісін, дәмін жақсы көреді. Тұрғындарға ешқандай қоспасыз жасалған өнімдерді ұсынып, сатылымға шығаратын күнді асыға күтеміз»,-дейді Нұрқия Бекниязова.
«Nariman Agro» жылыжайы тек шаруашылық қана емес, туған жердің топырағынан таза өнім алуға болатын еңбекқорлықтың нәтижесі. Нұрқия Бекниязова химиясыз, таза өнімді өндіруді жалғастыра беріп, аймақты импортқа тәуелділіктен құтқаратын ірі агрокешенге айналу маңызды дейді.