Otpan News Logo

Маңғыстауда көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр

|
07.04.2026 09:30
Маңғыстауда көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр

Маңғыстауда көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны өтіп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қасымхан Мединаев айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Спикердің айтуынша, шақыру жұмыстары Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы жарлығына және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүріп жатыр.


- Биылғы көктемгі науқанда облыс бойынша 758 азаматты әскерге жіберу жоспарланды. Оның ішінде ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне - 80 адам, Қарулы Күштерге - 446 адам, Ұлттық ұланға - 223, Мемлекеттік күзет қызметіне - 9 азамат жіберіледі. Ал күзгі шақыру науқанында 824 азаматты әскерге жіберу жоспарланып отыр, - деді Қасымхан Мединаев.


Брифингте облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлім бастығы Нұрбол Есенәлиев іріктеу жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.



- Алдымен әскерге шақырылушы азаматтар медициналық комиссиядан өтеді. Денсаулығы жарамды азаматтардың құқықтық мәртебесі толық тексеріледі. Заң бойынша кейінге қалдыруға немесе босатуға негізі жоқ азаматтар әскери қызметке міндетті түрде шақырылады. Әскери қызметке шақырылған азаматтардың жұмыс орны сақталады, медициналық комиссиядан өту кезеңінде жалақысы төленеді. Сонымен қатар, әскерге барғандарға бірқатар жеңілдік те қарастырылған. Атап айтқанда, 14 айға несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсуге және әскери қызметте ерекшеленгендерге грант ұтып алу мүмкіндігі бар, - деді Нұрбол Есенәлиев.


Ақтау қаласы қорғаныс істері басқармасы шақыру және әскерден тыс жұмыстар бөлімінің бастығы Нұркелді Шегибаевтың айтуынша, шақырту жүйесі де кезең-кезеңімен цифрландырылады. 


- Ақтау қаласы бойынша әскерге шақырылушыларға хабарламалар веб-портал, смс-хабарлама және қағаз түрінде жолданады. Белгіленген уақытта келмеген азаматтар заңға сәйкес полиция органдары арқылы іздестіріліп, қажет болған жағдайда мәжбүрлеп жеткізіледі. Сондықтан шақырту қағазына жауапкершілікпен қарауды сұраймыз, - деді Нұркелді Шегибаев.


18
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!