Маңғыстауда тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны артқан
Маңғыстау облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны көбейген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі тәртіптік комиссиялар жұмысына жүргізілген талдау осыны көрсетті. Жыл қорытындысында барлығы 539 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 297-сі - жергілікті атқарушы органдардың, 242-сі – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдарының қызметкерлері. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 100 адамға немесе 22,8 пайызға артық.
Тәртіптік комиссия қарауынсыз, мекеме басшыларының актілері негізінде жаза қолданылғандар саны да өскен. 2025 жылы мұндай тәртіптік шара 459 қызметшіге қатысты қабылданған. Былтыр бұл көрсеткіш 392 болған. Яғни бір жылда 67 адамға немесе 17,1 пайызға көбейген. Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттері үшін 9 қызметші, ал әдеп нормаларын бұзғаны үшін 14 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Әдеп жөніндегі кеңесте бірқатар бөлім және басқарма басшыларының тәртіптік істері қаралып, заң талаптарын бұзғаны үшін оларға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолданылған.
Есепті кезеңде 209 тәртіптік жаза мерзімінен бұрын алынған. Оның 77-сі – жергілікті атқарушы органдарда, 132-сі – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға артық болып отыр. Сондай-ақ жыл ішінде бірқатар тексерулер жүргізіліп, құқық бұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде кейбір қызметкерлерге қатысты қабылданған тәртіптік жазалар қайта қаралып, заңсыз бұйрықтардың күші жойылған жағдайлар да бар.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны үшін екі мемлекеттік қызметші атқарып отырған лауазымынан босатылған. Жалпы талдау қорытындысы өңірде мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік шаралардың күшейгенін және қызметтік әдеп пен заң талаптарын сақтау мәселесіне бақылау артқанын аңғартады.