Маңғыстауда теңізге кетіп қалған үш азамат аман-есен құтқарылды
Үрлемелі қайықпен ашық теңізге шығып, кері қайта алмай қалған Жаңаөзен қаласының үш тұрғынын іздеу операциясы сәтті аяқталды. ТЖМ мен Шекара қызметінің күші бірігіп, түні бойы жүргізген ауқымды жұмыстың нәтижесінде азаматтар аман-есен құтқарылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Оқиға «Кендірлі» демалыс базасы ауданында болды. «112» пультіне Жаңаөзен қаласының үш тұрғынының теңізде жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар шамамен екі сағат бұрын «Кендірлі» демалыс базасы ауданында үрлемелі қайықпен теңізге шыққан.
«Оқиға орнына жедел түрде Төтенше жағдайлар министрлігінің және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің күштері мен құралдары жіберілді. Іздестіру жұмыстары барысында ТЖМ құтқарушылары ер адамдардың бірін өздігінен жағалауға қарай жүзіп келе жатқан жерінен анықтады. Құтқарушылар оны бортқа көтеріп, қауіпсіз жерге жеткізді. Қалған екі адамды іздеу жұмыстары түнгі уақытта да тоқтаған жоқ. Тәуліктің қараңғы уақыты мен теңіз аумағының кең болуы іздестіруді қиындатты. Осыған байланысты іздеу жұмыстары бірнеше бағыт бойынша төрт секторда ұйымдастырылды»,- деді облыстық ТЖД мамандары.
Нәтижесінде қалған екі ер адамды жағалаудан шамамен 10 шақырым қашықтықта ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері тауып, құтқарды.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында су айдынының 20 шақырымнан астам аумағы тексеріліп, әуеден 70 шақырымнан астам аумақ шолынды.
Бұл іске ТЖМ күштері мен құралдары, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері және еріктілер жұмылдырылды. Сонымен қатар іздеу жұмыстарына ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы мен ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды.