Otpan News Logo

Маңғыстауда кәсіпорындардағы қауіпсіздік цифрлық бақылауға көшті

Маңғыстауда кәсіпорындардағы қауіпсіздік цифрлық бақылауға көшті

Маңғыстаудағы барлық кәсіпорында жазатайым оқиғалар мен ұжымдық еңбек шарттары енді бірыңғай цифрлық жүйеге енгізіледі. Бұл жаңа жүйе жұмыс берушілердің міндеттемесін орындауын қадағалауға, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға және өндіріс ошақтарындағы қауіпсіздікті нақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер қызметкерлеріне міндетті сақтандыру рәсімдеуге міндетті, деп хабарлайды otpannews.kz.


2024 жылы Маңғыстау облысында 63 жазатайым оқиға тіркеліп, 81 қызметкер зардап шеккен еді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 47 оқиғаға, 53 жарақат алған жұмысшыға дейін төмендеді.


Жұмыс берушілер жазатайым оқиға болған жағдайда қызметкерін қаржылық тәуекелден қорғау үшін міндетті сақтандыру рәсімдеуге тиіс. Бұл жүйе қызметкердің емделу шығындарын өтеуге, уақытша еңбекке жарамсыз кезеңдегі табысын ішінара жабуға және ауыр жағдайларда өтемақы төлеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысындағы кәсіпорындардың 75%-ы қызметкерлерін міндетті сақтандырумен қамтыған.


Енді жазатайым оқиғалар министрліктің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы бақылауға алынады. Мамандар бұл әдіс жасырын оқиғаларды азайтады деп отыр.


Мемлекет басшысының негізгі тапсырмасы – цифрландыру. Бұған дейін жазатайым оқиғалар қағаз жүзінде тіркелетін. Енді FSM Social атты арнайы қосымша енгізілді. Жазатайым оқиға туралы хабарлама түскеннен бастап, тіркеу, приказ құру, куәгерлерден сұрау алу, фото-видео жүктеу және акт салу сияқты барлық процесстер автоматты түрде жүйеге енгізіледі, - дейді Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.


Тек жазатайым оқиғалар ғана емес, енді ұжымдық еңбек шарттары да кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріледі. Жұмыс беруші мен қызметкер арасында жасалған келісімдер электрондық жүйеде тіркеліп, олардың орындалуын бақылау жеңілдейді. Бірыңғай дерекқор ұжымдық шарттардың ашықтығын арттырып, еңбек дауларын алдын алуға жол ашады.


Бұл жаңалық Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Аида Балаева төрағалық еткен кеңейтілген алқа отырысында да талқыланды.


Биыл комитет пен аумақтық департаменттер алғаш рет жұмыс жоспарын жан-жақты пысықтап бекітті. Басты бағыттар – бірыңғай цифрлық платформаны енгізу, жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасау, ұжымдық шарттарды цифрландыру, кәсіптік тәуекелдерді бағалау және профилактикалық бақылауды жүргізу, - Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.


Министрлік жұмысшылардың құқықтарын қорғауға, еңбек заңдарын орындауды қадағалауға, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті күшейтуге ерекше назар аударып отыр.

245
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!