Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қаржылай көмек толық берілді
OTPANNEWS.KZ. – Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ірі кәсіпорындардан, кәсіпкерлер мен меценаттардан түскен қаражатты жинақтау үшін «Ұлттық рух» қоры белгіленген. Ал қаржының әділ әрі мақсатты бөлінуін бақылау үшін арнайы комиссия құрылған.
Комиссия құрамына құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірген. Сондай-ақ жұмысқа қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да қатысқан.
Бекмұрат Жүсіповтің мәлімдеуінше, комиссия шешіміне сәйкес, қорға түскен қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына теңдей бөлінген. Ал оқиғадан аман қалған әскери қызметшілерге жеке төлемдер қарастырылған.
Қаражатты есепке алу және бөлуге қатысты барлық шешім комиссия отырыстарында қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделген. Қор шотына ақша түскен сәттен бастап оны алушыларға аударғанға дейінгі барлық кезең бақылауда болған.
Сонымен бірге, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының өтінішін ескере отырып, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялылығын сақтау мақсатында төлемдердің нақты сомасы мен қаражат алушылардың дербес деректері жария етілмейді. Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының бұл шешіміне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, - деді Бекмұрат Жүсіпов.
Бекмұрат Жүсіпов комиссия жұмысын аяқтағанын хабарлады. Оның мәлімдеуінше, жиналған қаражаттың барлығы белгіленген тәртіппен бөлініп, қабылданған шешімдер тиісті құжаттармен рәсімделген.