Маңғыстау журналистері жаңа Конституция жобасын талқылады
Маңғыстау облысында Журналистер клубының мүшелері бас қосып, елімізде ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін ортаға салды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиын барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келе жатқан ардагер журналист Айнахан Есетова Ата заңның жаңартылуының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Тәуелсіздік алғаннан бері үшінші рет Конституция қабылдау – ел тарихындағы маңызды әрі жауапты кезең.
Ардагер журналист қоғам мен уақыттың өзгеруіне сай заңнаманың да жаңарып отыруы заңды құбылыс екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Конституция еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам болмақ. Сондай-ақ қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ел бірлігі мен бейбітшілігін сақтау басты құндылық екенін айтып, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Жиынға төрағалық еткен Маңғыстау журналистер клубының төрағасы Гүлмира Әбішева Конституция жобасын талқылау – тек заңгерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғаммен ашық диалог жалғасып, өңір тұрғындары бұл үдеріске белсенді әрі саналы түрде қатысып отыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Конституциялық комиссияның хатшылығына е-Өтініш платформасы арқылы 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Олардың қатарында Маңғыстау тұрғындарының Конституция жобасының жекелеген баптарын жетілдіруге бағытталған нақты әрі мазмұнды ұсыныстары бар.