Маңғыстау театры Ыстанбұлда «Зілзала» спектаклін сахналайды
Нұрмұхан Жантөрин атындағы драма театры 9-12 ақпан күндері Түркияның Ыстанбұл қаласындағы AKM Theatre Hall-да «Зілзала» қойылымын ұсынады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спектакль «IV Халықаралық әйел драматургтерінің театр фестивалі аясында қойылмақ.
- «Құрамымыздағы 27 адаммен Ыстанбұл қаласында өнер көрсетеміз. Біз қазақ екенімізді, қазақтың бай салт-дәстүрін көрсетуге тырысамыз. Барлық елдермен қарым-қатынасымызды әрқашанда мәдениет арқылы көрсетуіміз керек», – дейді Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының директоры Айдос Тастаев.
«Зілзала» спектаклінде адам санасы ойлап тапқан заңдар мен табиғаттың бұлжымас заңдылықтары арасындағы қарама-қайшылық терең көркемдік тілмен ашылады. Адам мен табиғат арасындағы үйлесім бұзылған сәтте, апаттың адам тағдырына қалай әсер ететіні үш түрлі уақыт пен кеңістікте өмір сүрген үш әйелдің тағдыры арқылы көрсетіледі.
Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қойылым Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі, Стефан Цвейгтің «Амок» новелласы және 2011 жылғы 11 наурызда Жапонияда болған жойқын жер сілкінісі мен цунами оқиғалары негізінде сахналанған.
Қойылымның режиссері әрі инсценировка авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, VII Халықаралық «ANADOLU» театр сыйлығының лауреаты (ТҮРКСОЙ) Гүлсина Мерғалиева.
Айта кетейік, өткен жылы Маңғыстау театры Литваның бірнеше қаласында гастрольдік сапармен болып, Әбіш Кекілбаевтың шығармасы желісімен жазылған «Шыңырау» спектаклін сахналaды. Театр ұжымы жыл сайын алыс-жақын шетелдерде қойылымдар көрсетіп, қазақ мәдениетін насихаттап келеді. Шыңырау