Маңғыстау облысының сыртқы сауда айналымы артып келеді

Маңғыстау өңірі әлемнің 94 елімен сыртқы сауда операцияларын жүргізеді, оның ішінде 50 мемлекетке экспорт тауарлары жеткізіледі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аймақтың экспортында басымдық отын-энергетикалық секторға тиесілі, мұнай және мұнай өнімдерінің үлесі жалпы экспорт көлемінің 97%-ын құрайды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің өнімдері де экспортта айтарлықтай орын алған. Облыстағы негізгі өндіруші-экспортшылар қатарына «ҚазАзот», «Каспи Цемент», «Qarmet Tubular Products Aktau» және «Satex-Chemie» компаниялары кіреді.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, облыстың экспорттық өнімдері Италия, Швейцария, Сингапур, Румыния, Нидерланды, Узбекистан, Түркия, Азербайджан сияқты елдерге жеткізіледі. Импорт тауарлары арасында азық-түлік өнімдері, жанар-жағармай материалдары, киім-кешек, құрылыс және химиялық өнімдер, жеңіл және ауыр жүк көліктері, металл бұйымдары мен өнеркәсіптік құрал-жабдықтар бар.
