Otpan News Logo

Маңғыстау мектептерінде оқушыларға тырнақ бояп, бет әрлеп келуге шектеу бар

Маңғыстау мектептерінде оқушыларға тырнақ бояп, бет әрлеп келуге шектеу бар
Сурет azh.kz сайтынан алынды

Биыл Маңғыстау мектептерінде оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талапқа ерекше мән берілмек. Шашын бояп, тырнағын өсіріп, жасанды кірпік жабыстырып немесе көзге түсетін әшекей тағып келген оқушыларға алдымен ескерту жасалады. Талапты орындамаған жағдайда ата-анасы мектепке шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін де ескертуге құлақ аспаса, оқушының тәртібі арнайы комиссияда қаралуы мүмкін, деп хабарлайды otpannews.kz.


Білім саласының мамандары мектептегі тәртіптің барлық оқушыға ортақ екенін айтады. Мектеп формасы классикалық әрі ұстамды болуы керек. Ал шаш үлгісі, макияж, әшекей және сырт келбетке қатысты қосымша талаптарды әр білім беру ұйымы өзінің ішкі тәртіп ережесінде белгілейді.


Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің мәліметінше, қыздарға тырнақ өсіруге, көзге түсетін макияж жасауға, жасанды кірпік жапсыруға және артық әшекей тағуға жол берілмейді. Ұл балалардың шаш үлгісі де мектептің ішкі тәртібіне сәйкес болуы тиіс.


«Тырнақ та рұқсат етілмейді. Артық жылтырақ, алтын немесе әртүрлі әшекейлер тағуға болмайды. Оқушылар мектеп бекіткен форманы киіп, белгіленген талаптарды сақтауы керек. Егер талаптар орындалмаса, алдымен ата-анасы шақырылып, ескерту беріледі. Кейін білім беру ұйымының ішкі тәртібіне сәйкес шаралар қабылданады», - дейді Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің басшысының орынбасары Римма Шабикова.


Ата-аналар да жоғары сынып оқушылары арасында мектепке сәнденіп келу үрдісі барын байқап отыр. Олардың пікірінше, мектеп – сән көрсететін емес, білім алатын орта. Сондықтан оқушының сырт келбеті оқу орнының тәртібіне сай болуы керек.


«Мектепте талаптар міндетті түрде сақталуы керек деп ойлаймын. Оқушылар мектеп формасымен келуі тиіс, қысқа киім кимегені дұрыс. Мектепте боянуға да болмайды. Бұл – оқу орнының тәртібі», - дейді ақтаулық тұрғын.


«Қазір жас қыздар кірпік жапсырып, қастарын бояп алады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Мектеп – білім алатын жер. Оқушы оқушы болып жүруі керек және мектеп формасын әрдайым сақтауы қажет», - деді ата-аналардың бірі.


Мектеп формасына қойылатын ортақ талап бойынша оқушылар классикалық үлгідегі, ұстамды киім киюі керек. Қыздарға белдемше немесе шалбар, ұлдарға шалбар мен жейде кию қарастырылған. Ал белдемшенің нақты ұзындығы, шаш үлгісі және сырт келбетке қатысты өзге талаптарды әр мектеп өзінің ішкі тәртіп ережесінде бекітеді.

60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!