Otpan News Logo

«Кендірлі» әуежайының құрылысы 49 пайызға орындалды

|
27.08.2026 10:08
«Кендірлі» әуежайының құрылысы 49 пайызға орындалды

Маңғыстау облысында «Кендірлі» курорттық аймағындағы әуежай құрылысы жалғасып жатыр. Бүгінде әуежай құрылысының жалпы орындалу деңгейі 49 пайызға жетті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайдың ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метр, ені 35 метр болады. Нысан сағатына 150 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Bombardier Q400, ATR-72, CRJ-200 және осыған ұқсас әуе кемелерін қабылдай алады. Әуежайды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланды.


Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау және кірме жол салынуда. Сонымен қатар жолаушылар терминалы, материалдық-техникалық қойма және авиациялық қауіпсіздік қызметінің ғимараты бой көтеруде.


Инженерлік инфрақұрылым бойынша байланыс, газ, су және электр желілері тартылуда. Бұдан бөлек әуе қозғалысын басқару пунктінің ғимаратын, аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтарды орналастыруға арналған нысандарды салу көзделген.


Жоспарланып отырған ішкі бағыттар қатарында Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Қызылорда және Алматы қалалары бар. Халықаралық бағыттар бойынша Нөкіс, Баку және Астрахань қалалары қарастырылуда.


Нысанның құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған өңірлердің көлік және туристік инфрақұрылымын дамыту міндеттері аясындағы маңызын атап өтті.


– Мемлекет басшысы өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға және туристік әлеуетті тиімді пайдалануға ерекше мән беріп келеді. «Кендірлі» әуежайы – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Оның іске қосылуы курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін арттырып, жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыстардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз етуді және туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

32
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!