Маңғыстау энергетикалық колледжі — цифрлық білім берудің ошағы
Ақтауда колледж студенттері цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жылының ашылуына орай көрмеде өз жұмыстарын көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бүгін Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде «DIGITAL START: AI • Smart • Future» облыстық форумы өтті. Жиынның басты мақсаты – білім беру саласында Smart College экожүйесінің маңыздылығын арттыру, IT саласында білім алып жатқан студенттердің цифрлық сауатын дамыту және жасанды интеллектінің ғажайыптарын пайдалану.
Іс-шараға Маңғыстау облысы Білім басқармасының өкілдері мен IT мамандары және студенттер қатысты.
Форум аясында колледж фойесінде «Tech Horizons: Болашаққа көзқарас» тақырыбындағы кәсіби көрме ұйымдастырылып, студенттер мен педагогтардың робототехника және автоматтандыру бағытындағы жобалары таныстырылды.
Ресми ашылу салтанатында цифрландыру мен жасанды интеллектінің білім беру жүйесіндегі стратегиялық маңызы жан-жақты атап өтілді. Форумды “Заманбек” атты жасанды интеллект жүргізді. Адамзаттың дамуына үлкен үлес қосып жүрген виртуалды көмекші жаһандық жеңіске жету үшін бірге жұмыс істеуге шақырды.
“Бүгінгі форум біз үшін өте маңызды. Себебі бұл жыл жасанды интеллект жылы деп аталды. Ұстаздар мен студенттердің жобасы өте жоғары деңгейде дайындалған. Ендігі мақсат – осы жобаларды тек колледж шаңырағында ғана емес, шалғай жерлерге таныстырып, одан әрі дамыту. Бүгінгі форумға мықты IT мамандары жиналған. Оларға үлкен алғыс білдіреміз. Сіздердің жаңа жобаларыңызға сәттілік тілейміз. Білім саласын бірге дамытайық”,- деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.
Колледж студенттері техникалық қауіпсіздікті алдын ала үйрену үшін “VR виртуалды көзілдірігін” іске қосқан. Көзілдірікті кию арқылы барлық сантехникалық құралдармен танысады, өндірістік практикаға сақадай сай болады. Оған қоса “Виртуалды тренажер” аппараты да жаңа заманға сай дайындалған қажетті дүниелердің бірі. Бұл – студенттердің жасанды интеллект пен цифрлық сауаттылықты меңгере отырып жеткен жетістігі.
Колледж басшылығы студенттердің жұмыстарымен мақтанады, олардың білім саласында биік белестерді бағындыруы үшін бар жағдайды жасайтынын айтты.
“2026 жыл – Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жылы деп аталды. Сол үшін колледж ұстаздары мен студенттері бірігіп жасанды интеллекттің көмекшісін дайындап шығарды. Оның есімі – Сәуле Бекбосынова. Ол оқытушылардың орнын алмастыра алмайды. Дегенмен, білім беру жүйесіне көмегін тигізіп, өз қызметтерін орындап, мұғалімнің уақыты мен энергиясын үнемдейді. Студенттер кейбір тапсырманы орындай алмағанда “Сәуленің” көмегіне жүгіне алады”- деді Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің басшысы Айнагүл Жұмағали.