«Қуанышты күн»: Ақтауда тазалық мамандарына тегін сұлулық қызметтері көрсетілді
Алғыс айту күні қарсаңында «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қуанышты күн» қайырымдылық шарасы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шара аясында қаламыздың тазалығын сақтап, қар мен жаңбырда, боран мен суықта талмай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге тегін сән қызметі көрсетілді. Оның ішінде: шаш қию, қас жұлу, маникюр және массаж болды. Оған қоса, гүл шоқтары мен сыйлықтар берілді.
Қала тазалығымен 5 жылдан бері айналысып келе жатқан Айсулу Нурманова бүгін қуанышын бөлісті.
- «Қуанышты күн» акциясы бізге қатты ұнап жатыр. Шашымызды қысқартып, қасымызды түзетіп, тырнағымызды ретке келтірдік. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіремін», -деді Айсұлу Нұрманова.
Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы қоғамдағы өзара жанашырлық пен алғыс мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Әсіресе, нәзік жанды әйел адамдарға мереке қарсаңында қолдау білдіріп, демеу көрсету.
«Маңғыстау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы соңғы 5 жылдан бері «Қуанышты күн»акциясын ұйымдастырамыз. Бұл күнді әр айдың жұма күні жасаймыз. Қоғамның тазалығын сақтап жүрген жандарға бір күн болсын қуанышты күн сыйлағымыз келді. Әдемі аруларымыздың шаштарын сәндеп, беттерін әрлеп оларға ерекше көңіл-күй ұсынғанымызға қуаныштымыз. Алғыс айту күні қарсаңында осы жандарға үлкен алғыс білдіреміз. Олардың еңбегі қоғам үшін өте маңызды. Сондай-ақ, ерікті жастарды да шараға үлес қосуға шақырдық. Олар автобус пен сауда-орталықтарында халыққа алғыс білдіреді. Бұл тек жай алғыс емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеп, өзара жылулық орнату», - деді МО Ақпарат және даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекесінің басшысы Амангүл Жайылханова.