Балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу: заң жобасы Парламентке қашан енгізілетіні белгілі болды
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Сенат кулуарында Қазақстанда жасөспірімдер мен балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Otpannews.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистер балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу қарастырыла ма, әлде тек қолжетімділік шектеле ме деп сұрады. Сондай-ақ, шектеулер енгізілгеннен кейін балалар мен жасөспірімдер бұрыннан бар аккаунттарына қол жеткізе ала ма деген сұрақ қойылды.
«Бұл шаралар бұрын тіркелген аккаунттарға қолданылмайды, тек жаңа аккаунттарды құру кезінде ғана шектеулер енгізіледі. Яғни, тіркеу және верификация барысында белгілі бір талаптар қойылады. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр, заң шығару үдерісі жүріп жатыр: біз осы шараларды мемлекеттік органдармен талқылауды енді бастаймыз. Әзірге оның нақты қалай жүзеге асатыны туралы айту ерте», – деп түсіндірді Евгений Кочетов.
Ол сондай-ақ мұндай норма әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Таяуда ғана Испанияның премьер-министрі Дубайда өткен World Government Summit барысында олардың елі балаларға қатысты ақпараттық саясатты толық қайта қарастыратынын айтты. Яғни, белгілі бір шектеулер енгізіледі. Ал Испания мен испан тілді елдер – әлемдегі онлайн-платформалардың үлкен бөлігін қамтиды. Осындай шектеулер Францияның да жоғары заң шығарушы органында талқыланып жатыр. Бұған қоса, Австралияны да атап өтуге болады. Демек, балаларға қатысты шектеулер енгізу үрдісі бүкіл әлемде бар. Бізде бұл мәселе заң жобалық жұмыстар жоспарына енгізілген. Есімде болса, жылдың соңына қарай бұл тақырыпты Парламентпен талқылай бастауымыз керек», – деп қорытындылады Кочетов.
49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев